Трамп Иранмен соғыстың қашан аяқталатынын айтты
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен қақтығыс ұзаққа бармайтынына сенімді екенін айтты. Бұл туралы америкалық көшбасшы Fox News радиосына берген сұхбатында Иран төңірегіндегі жағдайға қатысты сұрақтарға жауап бере отырып мәлімдеді, деп хабарлайды Sadaq.kz сайты BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдары қашан тоқтауы мүмкін деген сауалға жауап берген Трамп қақтығыс ұзаққа созылмайтынын аңғартты.
Соғысты қашан тоқтату керек екенін қалай түсінесіз деген сұраққа ол:
Бұл ұзаққа созылады деп ойламаймын. Соғыс менің ішкі түйсігім айтқан кезде аяқталады, - деді.
Харк аралы туралы сұраққа жауап бермеді
Сондай-ақ америкалық көшбасшы АҚШ Иран мұнайының едәуір бөлігі өтетін Парсы шығанағының солтүстік-батысындағы шағын елді мекен — Харк аралын бақылауға алу мүмкіндігін қарастырып жатыр ма деген сұраққа жауап беруден бас тартты.
Мұндай сұраққа жауап бере алмаймын. Бұл — көптеген мәселенің бірі. Ол басым бағыт емес, бірақ сондай мәселелердің бірі. Мен өз пікірімді санаулы секундта өзгертуім мүмкін, - деді ол.
«Келесі аптада бұдан да қуатты соққы жасаймыз»
Трамптың айтуынша, АҚШ Иранның әскери әлеуетіне елеулі соққы берген және шабуылдарын жалғастырады.
Келесі аптада біз оларға бұдан да қуатты соққы жасаймыз, - деді ол.
АҚШ президенті ирандықтар көшеге шығуы тиіс екенін айтып, мұның оңай емес екенін де мойындады.
Ирандағы режим құлайды, бірақ, мүмкін, жақын арада емес, - деді ол.
Трамп АҚШ Иран флотының, зымыран жүйелерінің, ядролық инфрақұрылымының және радарларының жойылғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Америка Құрама Штаттары ел инфрақұрылымына әлдеқайда ауыр соққы бере алар еді, алайда мұндай қадамға бармаған.
Біз Иранға қатысты жұмсақтық танытып отырмыз. Электр станцияларын істен шығарып, елдің ешқашан қалпына келмеуіне әкелетін өте ауыр әрекеттер жасай алар едік. Бірақ біз олай істемейміз. Біз жұмсақ болуға тырысып отырмыз, - деді ол.
Моджтаба Хаменеидің денсаулығы туралы мәлімдеме
Трамп сондай-ақ Иранның бұрынғы жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеиге қатысты ақпараттарға пікір білдірді. Оның айтуынша, ол АҚШ пен Израиль шабуылдары кезінде жаралануы мүмкін.
АҚШ президенті көпшіліктің оның тірі екенін анықтауға тырысып жатқанын атап өтті.
Менің түсінуімше, ол тірі, бірақ жараланған, - деді ол.
Путин Иранға «аздап көмектесуі мүмкін»
Трамп Ресей президенті Владимир Путин Иранға «белгілі бір деңгейде көмек көрсетуі мүмкін» екенін де айтты.
Путин Тегеранға көмектесіп жатыр ма деген сұраққа ол:
Меніңше, ол оларға аздап көмектесуі мүмкін, - деп жауап берді.
Сонымен қатар АҚШ қазір Ирандағы байытылған уранды күшпен тартып алу жөніндегі әскери операцияға назар аударып отырған жоқ, бірақ мұндай мүмкіндік болашақта қарастырылуы мүмкін екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, Трамп АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденнің шекара қауіпсіздігі саласындағы саясатын сынға алып, оның басқару кезеңінде елге көптеген ирандықтар кіріп кетуі мүмкін екенін айтты.
АҚШ-та 1700-ден астам ирандық “ұйқыдағы жасырын топтар” болуы мүмкін, - деді ол, алайда қосымша мәлімет келтірмеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0