Түркістан облысында жол апатынан үш оқушы қайтыс болды

Сәуір 25, 2026 - 15:44
chat_bubble  0 visibility  0
Түркістан облысында жол апатынан үш оқушы  қайтыс болды
Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысында волейболдан жарысқа бара жатқан 8-сынып оқушылары мінген көлік жол апатына ұшырап, үш жасөспірім қаза тапты, деп хабарлайды Sadaq.kz Информбюроға сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға Шардара–Байырқұм тас жолында болған. 

Алдын ала мәлімет бойынша, 8-сынып оқушыларынан құралған команда облыстық турнирге Арыс қаласына бет алған. Оларды екі көлікпен алып шыққан. Алайда жол үстінде оқушылар отырған жеңіл көлікті қарсы бағыттан келген жүк көлігі қатты жылдамдықпен соққан.

Соққы салдарынан «Chevrolet Cobalt» маркалы автокөлік аударылып, қатты зақымданған. Оқиға орнында 14 жастағы жасөспірім қаза тапса, тағы екі оқушы алған жарақаттарынан көз жұмды.

Марқұмдардың мұғалімі Айдана Тұрсынованың айтуынша, оқушылар жарысқа үлкен үмітпен аттанған.

"Оқушыларым спортқа өте қызығатын. Жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүрді. Жолға шығар алдында «жеңіспен ораламыз» деп қуанып кеткен еді", – дейді ол.

Көлік тізгінінде болған 34 жастағы жаттықтырушы ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Ал екінші көлікте отырған сегіз оқушы аман қалған.

Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жүк көлігінің жүргізушісі қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды тасымалдау кезінде тиісті органдарға алдын ала хабар берілмегені анықталған.

Қаза тапқан оқушылар волейболдан түрлі жарыстарға қатысып, өңір намысын қорғап жүрген дарынды спортшылар болған.

Үш оқушыны туыстары 24 сәуір күні жер қойнына тапсырды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0