«Украинамен соғысқымыз келмейді»: Путин маңызды мәлімдеме жасады
Путин бұл туралы ВГТРК тілшісі Павел Зарубинге берген сұхбатында айтты.
Ресей президенті Владимир Путин Мәскеудің Украинадағы соғысты реттеу бойынша келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Путин бұл туралы ВГТРК тілшісі Павел Зарубинге берген сұхбатында айтты.
«Біз Украинамен соғысқымыз келмейді. Бірақ егер қазіргі украин басшылығы соғысқысы келсе, соғыса берсін», — деді Ресей басшысы.
Оның сөзінше, осы аптада АҚШ өкілдерімен өткен келіссөздер барысында үшжақты байланыстарды қайта жандандыру жөнінде уағдаластық жасалған. Алдағы талқылауларда бейбіт келісімге қол жеткізгеннен кейін Украина мен Ресейдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қарастырылмақ.
Сондай-ақ Путин уақытша бітімге келуден гөрі, соғысты түпкілікті тоқтататын келісімге қол жеткізу маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, әскери әрекеттерді қысқа мерзімге тоқтату мәселені толық шешпейді.
Ресей президенті Украинаның шығысындағы Мәскеу бақылауына өткен және Ресей өз аумағы деп санайтын өңірлерге қатысты да пікір білдірді. Ол бұл жерлерді «тарихи Ресейдің жері» деп атап, оларды жоғалған аумақ ретінде қарастыруға қарсы екенін жеткізді.
«Менің бұл мәселеге көзқарасым бойынша, ол жерлер олардың аумағы емес. Бұл — тарихи Ресейдің жері. Сондықтан қандай да бір аумақтық шығындар туралы айту орынсыз деп ойлаймын», — деді Владимир Путин.