Заңгер Нұрсұлтан Орынбеков ақын Танакөз Толқынқызын жауапқа тартуды талап етті
Белгілі заңгер Нұрсұлтан Орынбеков (желідегі есімі @qozhaiyn) қоғам белсендісі және ақын Танакөз Толқынқызының үстінен құзырлы органдарға ресми арыз түсірді. Заңгердің айтуынша, ақынның әлеуметтік желідегі жазбасы тұтас бір ұлттың ар-намысына тиіп, қоғамда араздық тудыруға бағытталған, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Дау Танакөз Толқынқызының Facebook-тегі жазбасынан басталды. Онда ол қазақ халқын «сапасыз ұлт», «құлдық сана сүйегіне жеткен», «ұры ұлт» және «принципсіз надан» деп атап, өте ауыр айыптаулар жариялаған.
Заңгер бұл мәлімдемелерді «сөз бостандығы» шеңберінен шығып кеткен, заңға қайшы әрекет деп есептейді. Нұрсұлтар Орынбеков аталған факт бойынша Қылмыстық-процестік кодекс аясында іс қозғауды сұрады. Орынбеков бұл сөздер ұлтаралық араздықты қоздыруға және қоғамдағы бірлікті әлсіретуге алып келеді деп санайды. Жазбаның мазмұнына тиісті лингвистикалық және психологиялық сараптама тағайындауды талап етті.
«Ұлтты оятуды оны кемсіту арқылы ақтауға болмайды. Егер билікке сын болса, оны нақты фактімен айту керек. Ал тұтас халықты қорлау — бұл жанашырлық та, ұлтшылдық та емес», — дейді Нұрсұлтан Орынбеков.
Қазіргі таңда заңгердің арызы құзырлы органдарға жолданған. Егер сараптама нәтижесінде жазбада ұлтты қорлау немесе араздық қоздыру белгілері расталса, автор заң алдында қатаң жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0