Жетісу облысында құтқарушы ерлікпен қаза тапты
Жетісу облысында құтқару операциясы кезінде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Дамир Таранов қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапты деп хабарлайды Sadaq.kz.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың 7 наурызында Панфилов ауданындағы Атамекен ауылдық округіне қарасты Алтынкөл көлінде балық аулап жүрген адамның мұз жарылып, мұз кесегімен бірге көлдің ортасына қарай кетіп қалғаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына Жетісу облысының ТЖД күштері, Жаркент қаласындағы №11 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, Талдықорғаннан жедел-құтқару жасағы, сондай-ақ ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметінің және Алматы облысы ТЖД құтқарушылары жіберілді.
Құтқару жұмыстары барысында мұз қайтадан жарылып, соның салдарынан Панфилов ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің №11 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау майоры Дамир Таранов қаза тапты.
Дамир Таранов 1994 жылдың 28 маусымында дүниеге келген. Ол 2012 жылы Көкшетау техникалық институтына түсіп, азаматтық қорғау жүйесіндегі еңбек жолын бастаған.
2016 жылдан бастап өртке қарсы қызмет органдарында жұмыс істеп, Панфилов ауданы мен Қапшағай қаласындағы өрт сөндіру бөлімдерінде түрлі жауапты қызметтер атқарған.
Соңғы жылдары Панфилов ауданындағы №11 өрт сөндіру бөлімінде қызмет етіп, тәжірибелі маман әрі әріптестері арасында беделді басшы ретінде танылған.
Қызметтік борышын адал атқарып, азаматтардың қауіпсіздігі үшін күрескен құтқарушының артында жұбайы мен екі баласы қалды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0