«20 мың адам эвакуацияланады»: АҚШ бомбалары Германияны дүрліктірді

Маусым 4, 2025 - 22:01
«20 мың адам эвакуацияланады»:  АҚШ бомбалары Германияны дүрліктірді
сурет: www1.wdr.de

Германияда АҚШ-тың Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі авиабомбаларына байланысты 20 мың адам эвакуацияланады. Кёльн қаласында үш авиабомба табылуына байланысты жергілікті билік шамамен 20 мың тұрғынды көшіру туралы шешім қабылдады. Қауіпсіздік мақсатында үш көпір, теміржол вокзалы, театрлар, музейлер мен мектептер уақытша жабылады, деп хабарлайды turkystan.kz немістің WDR телеарнасына сілтеме жасап.

4 маусымда Кёльнде Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінен қалған үш авиабомбаны залалсыздандыру бойынша ауқымды операция басталады, деп хабарлайды немістің WDR телеарнасы.

Қауіпті жарылғыш заттар Рейн өзенінің оң жағалауындағы Deutzer Werft ауданынан табылған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бұл – АҚШ-та жасалған үш авиабомба. Екеуінің салмағы шамамен бір тонна, ал үшіншісі – 500 келі. Барлығы соққымен іске қосылатын жарғышпен жабдықталған, бұл оларды аса қауіпті етеді.

Альтштадт және Дойц аудандарынан шамамен 20 мың адам эвакуацияланады. Эвакуация аймағына «Кёльн-Мессе/Дойц» теміржол вокзалы, Людвиг пен Wallraf-Richartz музейлері, филармония, мюзикл театры мен RTL телеарнасының кеңсесі кіреді.

Сондай-ақ тоғыз мектеп, балабақшалар, қонақ үйлер мен мейрамханалар жабылады. Рейн өзенінің үстінен өтетін үш көпір де уақытша көлік қозғалысына жабылады. KVB қоғамдық көлік желілерінің бірқатар бағыттары тоқтатылады. Deutsche Bahn теміржол қозғалысында мүмкін болатын кешігулер туралы ескертіп отыр. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін жедел байланыс желісі мен уақытша орналастыру орталықтары ұйымдастырылады

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow