«7 минутта тонап кетті»: Францияның ІІМ басшысы Луврдағы ұрлық туралы мәлімдеме жасады
Франция президенті Эммануэль Макрон ұрланған бұйымдарды қайтаруға сөз берді.

Лувр мұражайындағы Аполлон галереясының тоналуы француздардың жаппай наразылығын тудырды. Полиция мен ел басшылығы қылмыскерлерді анықтап, тоналған жәдігерлерді табуға уәде берді, деп хабарлады Kazinform.
Соңғы мәліметтер...
Тонаушылар төрт адам болған. Олардың екеуі Луврдың бір жақ жанына тоқтаған автотиегіште болған. Оның біреуі сары, екіншісі қызғылт сары түсті жилет киген, ал қалған екі қылмыскер T-max скутерімен келіп тоқтаған. Жұмысшылардың кейпіне еніп, кранның тұмсығын екінші қабаттағы терезеге тіреп қойған да, сол аумақты құрылыс конустарымен қоршап тастаған.
Париж прокуроры Лаура Бекконың айтуынша, одан кейін екі қарақшы терезені сындырып, мұражайға енген. Содан соң күзетшілерге қоқан-лоқы көрсетіп, дабыл жүйесін өшірген.
Қылмыскерлер бірнеше зергерлік бұйымды ұрлаған. Кейін олар жүк лифтісімен төмен түсіп, жергілікті уақыт бойынша 9:38-де скутермен А6 автомагистраліне қарай тайып тұрған.
— Олар өте шапшаң әрекет етті, ұрлық жеті минутта жасалды, — деді Ішкі істер министрі Лоран Нуньес France Inter-дің жексенбі күнгі эфирінде.
Жедел тергеу барысында полиция оқиға орнынан екі үшкір тегістеуіш машина, дәнекерлейтін лампа, бензин, қолғап, рация, көрпе және Евгений патшайымның зақымдалған тәжін тапты. Біраз уақыттан кейін қылмыскерлер өздерін жұмысшы ретінде көрсету үшін қолданған сары жилет табылды, ол ұрылар қашқан кезде түсіп қалған көрінеді.
Лаура Бекконың пікірінше, бұл фактілер олардың «жақсы дайындалғанын» және «тонаудың алдын ала ұйымдастырылғанын» көрсетеді.
— Біз бұл тонауды ұйымдасқан, ауыр қылмыс деп есептейміз, қауіпсіздік камераларынан жазбалар бар, — деді Париж прокуроры.
Ол сондай-ақ өзі «коммандос» деп атайтын төрт қылмыскердің әлі де бостандықта жүргенін айтты.
Не ұрланды
Мария-Амели мен Гортензия патшайымының безендірілген диадемасының (тәжі) элементтері;
Мария-Амели мен Гортензия патшайымы әшекей бұйымдары жинағының ішіндегі жақұт алқа;
Мария-Амели мен Гортензия патшайымының жақұттан жасалған гарнитурасынан сырғалар;
Мари-Луиза гарнитурасынан жасалған зүбаржат (изумруд) алқасы;
Мари-Луиза жиынтығынан жасалған зүбаржат сырғалары;
Қасиетті түйреуіш деп аталатын танамоншақ;
Императрица Евгенийдің тиарасы;
Императрица Евгенийдің түйреуіші (танамоншағы).
Осы 8 зергерлік бұйыммен қоса қарақшылар III Наполеонның әйелінің тәжін де ұрлап кетті. Лувр сайтында жариялаған сипаттамаға сәйкес, бұл тәж 1354 гауһар таспен және 56 зүбаржатпен безендірілген, бірақ ол мұражайдың сыртында зақымдалған күйінде табылған.
— Лувр — біздің мәдениетіміздің символы. Ұрылар Франция патшаларының зергерлік бұйымын қолды қылды, бұл қылмысты «біздің елімізді масқаралау» деп қабылдаймыз, — деді X желісінде ұлттық бірлестіктің президенті Джордан Барделла.
Франция президенті Эммануэль Макрон ұрланған бұйымдарды қайтаруға сөз берді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






