Ақтаудағы ұшақ апаты: Бозымбаев Николя Ралломен кездесті

Вице-премьер Қанат Бозымбаев ИКАО-ның Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық бюросының директоры Николя Ралломен кездесті, - деп хабарлайды sadaq.kz.
Қанат Бозымбаев ИКАО-ға Қазақстанмен ынтымақтастық мәселелері бойынша тұрақты қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, тәуелсіз сарапшы Тормодур Тормодссонды Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшыраған жерге уақтылы жібергені үшін алғысын айтты.
"Бізге көрсеткен тұрақты қолдауыңызға, соның ішінде бастамаларымызды қолдағаныңыз үшін Үкімет атынан шын жүректен алғысымды білдіремін. Осы тергеуді толық аяқтау мақсатында ИКАО-мен өзара іс-қимылды жалғастырамыз", - деді Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер ұшақ апатының алғашқы күндерінен бастап Қазақстанның объективті және жан-жақты тергеу жүргізуге басымдық бергенін жеткізді.
Үкімет мәліметінше, Николя Ралло Қазақстанның қысқа мерзім ішінде дайындаған және жариялаған Azerbaijan Airlines әуе компаниясы ұшағының апаты туралы алдын ала есебін жоғары бағалаған.
"Апаттан кейін 1,5 айға жетпес уақыт ішінде алдын ала қорытындыны аяқтауға қол жеткізген Қазақстан мен тергеу комиссиясының жұмысын атап өткім келеді. Мен сізді тергеу барысында Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияны толық орындауды жалғастыруға шақырамын", - деді Николя Ралло.
Ақтаудағы ұшақ апатын тергеу бойынша қорытынды есеп Чикаго конвенциясына сәйкес биыл жыл соңына дейін жарияланбақ.
Сіздің реакцияңыз қандай?






