Али Хаменеидің жерлеу рәсімі белгісіз мерзімге шегерілді
Иранның жоғарғы көсемі аятолла Али Хаменеиге арналған, бұған дейін сәрсенбі кешіне жоспарланған мемлекеттік жерлеу рәсімі белгісіз мерзімге кейінге шегерілді. Бұл туралы Sadaq.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ақпаратты елдің БАҚ таратты. Қаралы рәсімдер үш күнге созылуға тиіс болған. Таңертең әлеуметтік желілерде барлық дайындықтың аяқталғанын көрсететін фотолар да жарияланды. Алайда ұйымдастырушылар күтпеген жерден қажет инфрақұрылым толық жасалғанға дейін рәсім кейінге қалдырылғанын мәлімдеді.
Иранның Tasnim ақпарат агенттігі ресми тұлғаларға сілтеме жасап, кідіріс логистикалық қиындықтарға байланысты екенін хабарлады. Атап айтқанда, Хаменеимен қоштасуға елдің әр өңірінен келгісі келетін мыңдаған адам сәрсенбіге дейін Тегеранға жетіп үлгермей жатқаны айтылған.
Дегенмен сарапшылар жерлеудің шегерілуіне Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кацтың сәрсенбі күні жасаған мәлімдемесі де себеп болуы мүмкін деп пайымдады. Ол Хаменеидің мұрагері болып сайланатын кез келген көшбасшының көзін жою қаупін ашық айтты.
“Ирандағы террористік режим Израильді жою жоспарын жалғастыру, АҚШ-қа, еркін әлемге және аймақ елдеріне қауіп төндіру, сондай-ақ иран халқын басып-жаншу үшін кімнің кандидатурасын таңдаса да, ол адамның аты-жөні мен қайда жасырынғанына қарамастан, міндетті түрде жойылатын нысанаға айналады”, – деп жазды Кац X әлеуметтік желісінде.
Бұған дейін БАҚ-та Иранның жоғарғы көсемін сайлауға жауапты арнайы орган – Сарапшылар кеңесі аятолла Али Хаменеидің мұрагері ретінде оның ұлы Моджтаба Хаменеиді басты үміткер ретінде қарастырып жатқаны хабарланған еді.
New York Times басылымының мәліметінше, Сарапшылар кеңесі өз шешімін сәрсенбі күні таңертең-ақ жариялауға дайын болған. Алайда бұл мәлімдеме Хаменеидің кіші ұлын АҚШ пен Израиль соққыларының жаңа нысанасына айналдыруы мүмкін деген қауіпке байланысты кейінге қалдырылған.
86 жастағы аятолла Али Хаменеи 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Тегеранға жасаған бірлескен әуе соққылары салдарынан қаза тапты. Оның нақты орналасқан жері Израиль барлауының ЦРУ көмегімен ұзақ уақыт бойы мұқият жоспарланған операциясы нәтижесінде анықталған.
Али Хаменеи қайда жерленеді
Жерлеудің жаңа күні әзірге жарияланған жоқ. Кейбір мәліметтерде рәсім жұмаға ауыстырылуы мүмкін екені айтылғанымен, ресми растау жоқ.
Сондай-ақ бұған дейін жоспарланған ілеспе қаралы рәсімдердің қандай көлемде өтетіні де әзірге белгісіз.
Жерлеу рәсімі сәрсенбі күні жергілікті уақытпен сағат 18:00-де басталуға тиіс болған. Әлеуметтік желілерде рәсімге дайындық барысы түсірілген фотолар да пайда болды.
Иран билігі 1989 жылы аятолла Рухолла Хомейнидің жаназасына шамамен 10 миллион адам қатысқанын еске салып отыр. Олар аятолла Әли Хаменеймен қоштасуға бұдан да көп адам жиналуы мүмкін деп пайымдап отыр.
Сонымен қатар Иранның мемлекеттік БАҚ-тары Тегеранда мұндай ірі топтасу ықтимал шабуыл нысанасына айналуы мүмкін екенін де түсінетінін жазды.
Мәліметтерге сәйкес, Хаменеи өзі туған және әкесі жерленген Мешхед қаласында жерленуі ықтимал. Мешхед – шиит исламындағы басты орталықтардың бірі. Мұнда имам Резаның кесенесі орналасқан, ол әлемдегі ең маңызды зиярат орындарының бірі саналады. Қалаға жыл сайын миллиондаған зияратшы келеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0