Жол үстінде жүргізушіні аяусыз ұрған күдіктілер іздестіріліп жатыр (ВИДЕО)
Күдіктілер ұсталып, жауапқа тартылатын болады, - дейді полицейлер.
Алматы полициясы көліктегі адамды аяусыз ұрып-соққандарды іздестіріп жатыр, деп хабарлады Sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға Райымбек даңғылы мен Тұрғыт Озал көшелерінің қиылысында болған.
Бейнероликте 3 ер адамның ақ түсті көлікті қоршап тұрғанын көруге болады. Шабуыл жасаушылардың бірі көлікте отырған жігітті тепкілейді.
Тағы үшеуі соққыға жығылғандарды көліктен шығармақ болады. Содан кейін жігіттердің бірін көліктен сүйреп түсіріп, белгісіз жаққа алып кетеді.
Аталған жағдайға байланысты Алматы қаласының ПД баспасөз қызметі түсінік берді.
«Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысушыларды анықтау мақсатында жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер міндетті түрде ұсталып, жауапқа тартылатын болады. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталып жатыр», - деді баспасөз қызметіндегілер.
Сіздің реакцияңыз қандай?