«Әңгіме ауыр болуы мүмкін»: Премьер Бектенов BI Group-қа ескерту жасады

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстандағы ірі компанияларға, оның ішінде BI Group, BAZIS сияқты танымал құрылыс алпауыттарына қатаң ескерту жасады, деп жазады Sadaq.kz.
Үкімет басшысы салықтан жалтарып, мемлекетке түсетін кірісті кемітетін схемаларға қарсы шара қолдануды тапсырды.
Ірі компаниялар арнаулы салық режимдерін шағын бизнес үшін арналған жеңілдіктер ретінде қолданып, миллиардтаған теңге табыстан болмашы салық төлеуде. Қазір елдегі 2,3 млн салық төлеушінің тек 8%-ы ғана ҚҚС (НДС) төлейді.
Арнайы режимде жұмыс істейтін кәсіпкерлер арасындағы өзара есеп айырысу көлемі бір жылда екі есеге артып, 5 трлн-нан 10 трлн теңгеге жеткен.
Салық төлеуден жалтарудың кең тараған әдісі – бизнесті бірнеше шағын кәсіпкерлік субъектісіне бөліп тастау немесе қызметкерлерді штаттан шығарып, жеке кәсіпкер ретінде қайта рәсімдеу.
Соның нәтижесінде қомақты пайдаға қарамастан, бюджетке тиын-тебен ғана төленген.
Үкімет басшысы мәселені төтесінен қойып, ірі кәсіпкерлерге екі апта уақыт берді.
«Алдағы күндері салық органдары сіздерге қосымша салық сомасы туралы хабарлама жібереді. Мемлекет алдындағы әділ міндеттемені орындауға екі апта мерзім беремін. Егер салықтық міндеттеме толық орындалмаса, мемлекет өзінің барлық ресурстарын, оның ішінде құқық қорғау органдары мен қатаң фискалдық шараларды қолдануға дайын. Әңгіме ауыр болуы мүмкін, бірақ әділ диалогқа әрқашан әзірміз», – деді Олжас Бектенов.
Бұл мәлімдеме салық саясатының күшейетінін көрсетеді. Мемлекет салық төлеудегі әділеттілік қағидатын алға тартып, ірі бизнеске нақты сигнал берді: заңды құрметтемегендерге аяушылық болмайды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сіздің реакцияңыз қандай?






