Астанада Qazaq AI Research University ашылады
Бүгін Astana Hub алаңында Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша құрылған, жасанды интеллектке маманданған Орталық Азиядағы алғашқы университет — Qazaq AI Research University (QAIRU) баспасөз мәслихатын өткізді.
Іс-шара бірінші оқу жылының басталуы қарсаңында өтті: университет басшылығы мен тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері іске қосылуға дайындықтың қорытындыларын, QAIRU-дың білім беру моделі мен даму бағыттарын, сондай-ақ жасанды интеллектті білім беру, зерттеу, индустриямен өзара іс-қимыл және технологиялық экожүйені дамыту процестеріне кіріктіруді көздейтін AI-Enabled University тұжырымдамасын таныстырды.
Qazaq AI Research University (QAIRU) — Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша құрылған, білім беру және зерттеу моделін толығымен жасанды интеллект төңірегінде құрайтын Орталық Азиядағы алғашқы университет. Университеттің миссиясы — Қазақстан мен әлемнің болашағы үшін жасанды интеллект саласында көшбасшыларды дайындау, білім, зерттеулер мен технологияларды дамыту.
Баспасөз мәслихатына QAIRU ректоры Сапар Тоқсанов, бірінші проректор Серік Өмірбаев, AI жөніндегі проректор Азамат Жұмахмет, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Мадина Тыныбаева, ректордың кеңесшісі Айдын Сәбитов, сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова және ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Гиззат Байтұрсынов қатысты. Таныстырылымнан кейін спикерлер журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Қазақстанға неге жеке ЖИ университеті қажет
«Жасанды интеллект бүгінде IT саласының жеке бағыты ғана емес, экономиканы, білім беруді және мемлекеттік басқаруды өзгертетін жаһандық технологиялық үрдіске айналды. Қазақстан бұл технологияларды тек тұтынушы ғана емес, оларды жасай алатын елдер қатарына кіруді мақсат етіп отыр» — ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова
Оның айтуынша, QAIRU эксперименттік мәртебеге ие және жасанды интеллект білім беру, зерттеу, индустриямен өзара іс-қимыл және университетті басқарудың орталық элементі болатын жаңа университет моделін сынақтан өткізуде. Негізгі бағыттардың бірі — жасанды интеллект саласындағы құзыреттілікті медицина, қаржы, инженерия, білім беру және басқа да салалардың сараптамасымен ұштастыратын AI+X моделі.
QAIRU ректоры Сапар Тоқсанов жыл сайынғы қабылдау көрсеткіші — 400 бакалавриат және 100 магистратура студенті — университеттің іске қосылуымен байланысты уақытша шектеу емес, білім сапасы философиясымен тікелей байланысты саналы шешім екенін растады.
«Біздің міндетіміз — мүмкіндігінше көп маман дайындау емес, жасанды интеллект саласында шынымен мықты мамандар дайындау. Біз үшін табыс көрсеткіші — университеттен өткен студенттер саны емес, біз дайындайтын мамандардың сапасы» — QAIRU ректоры Сапар Тоқсанов
AI жөніндегі проректор Азамат Жұмахмет AI-Enabled University тұжырымдамасы университеттің барлық негізгі процестерін — студенттің жеке AI-көмекшісі мен жеке білім беру траекториясынан бастап басқарушылық шешімдерді автоматтандыруға дейін — қамтитынын түсіндірді.
«Егер университет жасанды интеллект пайдаланамын деп айтса да, оның процестері мен нәтижелері өзгермесе, бұл шынымен де тек маркетинг болып қала береді. AI-Enabled University жасанды интеллект университеттің барлық операциялық моделінің бір бөлігіне айналып, экожүйенің әрбір қатысушысы үшін өлшенетін нәтиже бере бастаған жерден басталады» — AI жөніндегі проректор Азамат Жұмахмет
Бірінші проректор Серік Өмірбаевтың айтуынша, студенттің курстан курсқа көшуі рубеждік бақылаулар мен сессиялармен қатар өз AI-жобасын қорғауды қамтиды. Бірінші курста студенттер мәселені тұжырымдап, MVP — минималды жұмыс істейтін прототип жасайды, екінші курста жобаны толыққанды AI-сервиске дейін дамытады, үшінші курста дипломдық жұмыстың негізіне айналатын дайын AI-өнімге жеткізеді. Жобалармен жұмыс Astana Hub экожүйесіне кіріктіріледі, бұл студенттерге индустриядан кері байланыс алуға және әлеуетті серіктестер табуға мүмкіндік береді.
Жеке білім беру траекториясы әрбір студенттің цифрлық профилі мен еңбек нарығының нақты талаптарымен байланысты құзыреттілік картасы негізінде құрылады, — деп атап өтті Жұмахмет. AI-көмекшілер студенттің үлгерімін талдап, оның қабілеттері мен мансаптық мақсаттарына сай пәндерді, жобаларды және даму бағыттарын ұсынады.
Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Мадина Тыныбаева QAIRU-дың Shanghai Innovation Institute, Tsinghua SIGS және HY+ University of Helsinki мекемелерімен келісімге қол қойғанын, сондай-ақ Солтүстік Америка, Еуропа, Корея және Қытай университеттерімен және ғылыми орталықтарымен келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Shanghai Innovation Institute ғалымдары 2026 жылдың қазан айында QAIRU оқытушылары мен студенттеріне арналған дәрістер сериясын өткізеді; Tsinghua SIGS-пен QAIRU бакалавриатынан серіктес университеттің магистратурасы мен докторантурасына дейінгі студенттер траекториясы талқылануда. Сонымен қатар QAIRU әлемнің топ-50 университетінің бірімен модульдері жеке-жеке қолжетімді болатын және аяқталған соң бірлескен сертификат берілетін қос дипломды магистратура бағдарламасын дайындап жатыр.
Университет сондай-ақ халықаралық сарапшылар кеңесін (Advisory Board) құрды, оған әлемнің жетекші университеттері мен технологиялық компанияларының басшылары мен ғалымдары кірді: Mohamed bin Zayed University of Artificial Intelligence, Сан-Диегодағы Калифорния университеті, Shanghai Jiao Tong University, Tsinghua University, HY+ University of Helsinki, Unitree Robotics, Samsung Electronics, Alibaba Cloud және Lenovo.
QAIRU-дың басым зерттеу бағыттарына Physical AI (робототехника және автономды жүйелер), Quantum AI (күрделі жүйелерді талдауға арналған кванттық есептеулер) және ядролық технология мен энергетикалық жүйелер үшін жоғары өнімді есептеулер жатады. Университет индустриялық серіктестермен бірлескен R&D-жобаларын дамытуда: Lenovo компаниясымен — білім беру ортасының мультимодальды аналитикасы бойынша, iFLYTEK компаниясымен — сөйлеу және тілдік технологияларды, оның ішінде қазақ тіліне бейімдеуді қоса алғанда, Google компаниясымен — студенттер мен зерттеушілердің заманауи AI-құралдарға қолжетімділігі бойынша. Сонымен қатар мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібі компанияларымен өндірістік процестердің цифрлық егіздерін (digital twins) жобалау үшін бірлескен зертханалар құру жоспарлануда.
«QAIRU үшін AI-жобаларды іске асыруға 20 GPU бөлінді, сондай-ақ Alem Cloud есептеу ресурстарына қолжетімділік берілді» — ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Гиззат Байтұрсынов.
Ректордың кеңесшісі Айдын Сәбитов қазақ тілінде оқыту QAIRU моделінің принципті элементі екенін атап өтті.
«Қазақстандағы мектеп оқушыларының едәуір бөлігі қазақ тілінде білім алады, олардың арасында математикалық дайындығы мықты, бірақ ағылшын тілін жеткілікті деңгейде меңгермеген талантты балалар көп. Біз оларға ағылшын тілін қатар қарқынды дамыта отырып, жасанды интеллектті қазақ тілінде оқып-үйрену мүмкіндігін береміз» — ректордың кеңесшісі Айдын Сәбитов
Оның айтуынша, AI-ұлтты дамыту қазақ тіліндегі меншікті құзыреттіліктер мен контентсіз мүмкін емес, ал қазақ тілінде оқыту — елдің қосымша талант қорын ашудың бір жолы.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0