Атырауда университеттің жатақханасы опырылып құлап түсті

Бүгін 22 сәуір күні Хәлел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің апатты деп танылған жатақханасының бір бөлігі опырылып түсті, деп хабарлайды sadaq.kz сайты Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Жоғары оқу орнының баспасөз қызметі жатақхананың құлап қалғанын растап, мәлімдеме жасады.
“Университеттің шаруашылық бөлімі 2022 жылдың қараша айында № 2 жатақханадағы 1-қабатының қабырғасында ақаудың пайда болғанын анықтады. Осы жағдай анықталған соң мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жатақхананың техникалық қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге конкурс жарияланды. 2023 жылғы 21 ақпандағы № 138 келісімшартқа сәйкес «PFA compani» ЖШС техникалық зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ғимараттың апатты жағдайда екені расталды. Студенттердің бәрі басқа жатақханаларға көшіріліп, орналастырылды. Апатты деп танылған № 2 жатақхана айналасы қоршалған. Жатақхананың құлағанынан ешкім зардап шеккен жоқ”, — деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.
Атырау облысының құрылыс басқармасы университеттің апатты жағдайдағы екі жатақханасының ғимаратын бұзу, студенттерге арналған 1000 орындық жаңа жатақхана салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындаған. Жаңа нысанның жобалаушысы — «Авангард ОК» ЖШС. Жоба сараптамадан өтуге жолданған.
Сіздің реакцияңыз қандай?






