Әзербайжаннан кейін Молдова билігі де елдегі «Орыс үйін» жабу туралы шешім қабылдады
![Әзербайжаннан кейін Молдова билігі де елдегі «Орыс үйін» жабу туралы шешім қабылдады](https://sadaq.kz/uploads/images/202502/image_870x_67aed6b1c8169.jpg)
Молдова билігінің шешіміне сәйкес, ел ішіндегі Ресейдің ғылым және мәдениет орталығы ("Орыс үйі") жабылады. Бұл туралы 13 ақпанда Молдова сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап, мұндай шешімге Ресейдің әскери мақсаттағы дрондары елдің әуе кеңістігін бұзғаны түрткі болды деп хабарлады Азаттық радиосы.
Молдова сыртқы істер министрлігі екі ел үкіметі арасындағы мәдени орталықтар құру және олардың жұмыс істеуі туралы 1998 жылы жасалған келісімді біржақты тоқтату туралы шешім қабылдады. "Келісімді тоқтату процедурасы аяқталғаннан кейін Ресейдің мәдени орталығы елдегі жұмысын тоқтатады", – деп жазылған министрлік сайтындағы мәлімдемеде.
Оның алдында Молдова президенті Майя Санду Ресей дрондары Украинаның Одесса облысына шабуыл жасаған кезде екі дрон Молдова аумағына ұшып кетіп, сонда жарылды деп мәлімдеген. Зардап шеккендер болмаған.
Кейін Молдова сыртқы істер министрлігі Ресей елшісі Олег Озеровты шұғыл шақыртқан. "Кездесуде Молдова тарапы өрескел жайтқа байланысты наразылық білдіріп, мұндай оқиғалар ел қауіпсіздігіне және Молдова азаматтарына қауіп төндіретінін айтты. Ресей дипломатына мұндай әрекеттер ел егемендігін бұзуды білдіреді және Ресей тарапынан достыққа жатпайтын кезекті ишара деп саналатыны айтылды", – деп жазылған СІМ хабарламасында. Министрлік елшіге дрон қалдықтарын көрсеткенін мәлімдеді.
Мәскеу Молдова шешіміне байланысты әзірге реакция білдірген жоқ.
Ақпанның басында Әзербайжан билігі Мәскеуге Ресейдің "Россотрудничество" агенттігі қызметін ел аумағында тоқтататыны жайлы ресми нота жіберген. Әзербайжан СІМ "Бакудегі "Орыс үйі" заңды тұлға ретінде тіркелмеген" деді.
Баку мен Мәскеудің қарым-қатынасы 2024 жылы желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңына Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы құлағаннан кейін нашарлады. Әзербайжан ұшақты байқаусызда Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі атты деп, апатқа Мәскеуді айыптай сөйледі.
Сіздің реакцияңыз қандай?
![like](https://sadaq.kz/assets/img/reactions/like.png)
![dislike](https://sadaq.kz/assets/img/reactions/dislike.png)
![love](https://sadaq.kz/assets/img/reactions/love.png)
![funny](https://sadaq.kz/assets/img/reactions/funny.png)
![angry](https://sadaq.kz/assets/img/reactions/angry.png)
![sad](https://sadaq.kz/assets/img/reactions/sad.png)
![wow](https://sadaq.kz/assets/img/reactions/wow.png)