Бас мүфтидің жүріп-тұруы үшін имамдардан ақша жиналатыны рас па?

Қыркүйек 30, 2024 - 12:35
Қыркүйек 30, 2024 - 12:36
Бас мүфтидің жүріп-тұруы үшін имамдардан ақша жиналатыны рас па?

Түркістан облысының имамдарын «өңірге Бас мүфти Наурызбай Өтпенов келген сайын облыстың бас имамы Ержан Төлепов ақша жинап, әбден мезі қылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы журналист Oraz Alimbekov өзінің Facebook-тегі парақшасында хабарлады. 

Жазба авторы түркістандық қарапайым имамдар «қоңыз теріп» қиналып кеткенін және Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтың өңірге сапарына арнап молдалар қанша ақша жинағанын жеткізген.

Желі қолданушысы облыс бас имамының аты-жөнін барлық жерде дұрыс жазбаған. Имамның тегін Төлепов емес Тілепов деп көрсеткен.

“Түркістан облысының имамдары «өңірге Бас мүфти Наурызбай Өтпенов келген сайын облыстың жаңадан тағайындалған бас имамы Ержан Тілепов ақша жинап, әбден «қанымызды» ішіп бітті» деп хабарласты. Мысалы, Бас мүфтидің 2024 жылдың қаңтар айының соңында Түркістанға барған 2 күндік ресми сапарына арнап облыстағы 17 аудан және қала имамдарының әрбірінен 150 мың мен 300 мың теңге аралығында ақша жиналды, делінген парақшада.

Ал аудан имамы қарапайым молдаларға салмақ салатын көрінеді.

“Олар ақша іздеп тентіреп кетеді... Осылай жиналған қаржыны аудан имамдары бас имам Е.Тілепов пен оның іс басқарушысы қызметін атқаратын Алимханның каспиголдына аударып тұрды (дәлелді чектердің көшірмесі төменде тұр). Кейбірі қолма-қол ақша әкеп берді. Мысалы, Созақ ауданының бас имамы Мейрамбек қажы облыстың бас имамына қолма-қол 150 мың теңге әкеп беріп, кейін «бұл аз» деген соң 130 мыңды каспиголдына аударған” дейді желі қолданушысы.

Оның айтуынша, бұл қаржының бәрі Түркістанға сапарлап келген Бас мүфтидің ұшақпен ары-бері ұшуына, қымбат қонақ үйде тұрып, қымбат мейрамханадан ауқаттануына жұмсалады екен.

«Хазірет мүбәрек жүзін түркістандық жамағатқа көрсеткені үшін» де хадия (сыйлық) беріледі. Оның парқы мен нарқы – 2 млн. Әрине, жиналған ақша түгелімен Бас мүфтидің Түркістанға келіп-кетуіне жұмсалмаған шығар. Бірақ облыстың бас имамы Е.Тілепов қанша ақша қайда жұмсалғаны, қанша ақша артылып қалғаны жөнінде қарапайым молдаларға есеп берген емес, бермейді де” дейді Ораз Әлімбеков.

Автор оның себебін Бас мүфти Н.Өтпенов Ержан Тілеповты аттай қалап осы облысқа былтыр көктемде бас имам қылып қойғанымен түсіндіреді.

Алайда облыстың бас имамы Ержан Төлепов пост астына жазған пікірінде бұл ақпаратты жоққа шығарып, оның шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген. 

“Осы ретте айта кетер жайт: имамдар тиімді бағамен мешіт арқылы газет-журналға жазылады. Кейбір дін қызметкерлері білместікпен каспи голд арқылы газет-журнал ақшасын маған аударған екен. Болған жағдайға байланысты арнайы жиналыс өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздім.

Осы жағдайды негіз еткен жазба авторы оқырмандардың көкейіне күмәнді ойлар салып, шындыққа жанаспайтын ақпараттарды таратыпты. Автордың шектен шыққан ісін өзінің ары мен ұятына қалдырамыз”, деген түркістандық бас имамам.

Ал оқырмандарды тек расталған ақпарат көздерінен ғана мәлімет алуға шақырыпты.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow