Бишімбаев ісінде Тахир Халимназаровқа ақша ұсынылғаны рас па?
Бишімбаевқа қатысты сот отырысында сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаровқа ақша ұсынғандар болды ма? Бұл сұраққа сарапшы Qazaq Airan Youtube-арнасына берген сұхбатында жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сарапшының сөзінше, сот процесі кезінде іске қоғам тарапынан жіті назар аударылғандықтан, оған ақша ұсыну тараптардың өзіне қауіпті болар еді.
"Көпке белгілі бұл істі тергеу жұмыстары жүргізілген кезде оған қоғамның да, бақылау органдарының да назары аударылды. Сондықтан маған ешқандай ақша ұсынылмады. Өйткені тергеуші қаулы шығарған кезде сарапшылар туралы ақпарат жазылады, ол сарапшыға басқа жақтан шығу мүмкін емес. Бұл өздеріне қауіпті болар еді. Сондықтан менімен байланысқа ешкім шықпады", - деді ол.
"Салтанат Нүкенованың ісінен де ауыр оқиғалар бар"
Сонымен қатар сарапшы Салтанат Нүкенованың мәйітін зерттегендегі қорқыныштарды бөлісті.
"Салтанат Нүкенованың мәйітін біз өзіміз зерттеген жоқпыз. Мәйітті Астанадағы екі сарапшы зерттеді де, анықталған дәлелді, өлімге әкеп соқтырған себептің бәрін жазып, қорытынды ретінде шығарды. Біз сол қорытындыға қарап, шешілмеген мәселенің жауабын мәйітті зерттеу кезінде анықталған көрсетпелерге қарап береміз. Бірінші сараптамада барлық сұрақтың жауабын табу мүмкін емес, бұл шешілмей қалған, сол кезде сарапшылар жауабын таппаған сұрақтарды біз Алматы сот медицина орталығында зерттеп, жауап бердік", - деді ол.
Тахир Халимназаров тәжірибесінде Салтанат Нүкенованың ісінен де ауыр оқиғалар болғанын айтты.
"Бұл жерде шошып, таңғалатын дүние жоқ. Өйткені бұл салада сонша жыл жұмыс істедік, өкінішке қарай, тәжірибемде бұдан да ауыр жағдайлар болған, болып жатыр, болады. Сондықтан сарапшылар таңданатын ешнәрсе жоқ. Адамды өлімге әкеп соқтырған дене жарақатының бәрі анықталған. Енді сот-медицина сарапшысының қорытындысы маңызды бір дәлел ретінде есептеледі. Өйткені сот тек сот-медицина сарапшысының қорытындысы бойынша үкім шығармайды. Олар барлық айғақ-дәлелге анализ жасап, шешім қабылдайды", - деді сарапшы.
Тахир Халимназаров туралы не белгілі?
Тахир Халимназаров - сот-медициналық сараптама қызметкері. Ол экс-министр Қуандық Бишімбаев ісінде көпті тәнті еткен болатын.
Сіздің реакцияңыз қандай?