«Қамай салыңдар, тышқақ лағым да жоқ!»: миллиондап қарыз болып қалған блогерлер шыр-пыр болып жатыр

Ақпан 19, 2025 - 12:23
Ақпан 19, 2025 - 12:27
«Қамай салыңдар, тышқақ лағым да жоқ!»: миллиондап қарыз болып қалған блогерлер шыр-пыр болып жатыр
Коллаж Qaz365.kz

Козачков телеграм арнасында миллиардтап ақша тапса да мемлекетке көк тиын да төлемей, салықтан жалтарып жүрген блогерлердің тізімі жарияланғанын айтқан едік.

Тізімде  мемлекетке қарыз болып отырған 31 адамның есімі көрсетілген. Алайда тізімде аты көрсетілген борышкерлер бұл ақпаратты жоққа шығарып, шыр-пыр болып жатыр, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.

Айтуларынша, тізімдегі цифрлар шындыққа жанаспайды.

Мәселен белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау өзіне қатысы бар компаниялар кемінде 10 миллиард теңгеден астам салық төлегенін айтады. 
«114 миллион теңгеге жарнама жасап, салық төлемеді немесе блогер ретінде 114 миллион теңге табыс тапты деген ақпарат түсініксіз. Осы мәселеге қатысты есепшім барлық құжаттарды мұқият тексеріп, 2022-2023 жылдарға қатысты мән-жайды анықтайды», - дейді кәсіпкер.

Сол секілді тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы өзінің берешегі турлы пост салды. 
Айтуынша, салық, құжат дегендерге мұқият қарайды.

«Қымбатты оқырманым, әлеуметтік желіде тарап жатқан мына суретті маған жарыса жіберіп жатыр екенсіздер. Өзгелер үшін жауап бере алмаймын. Мен соңғы 5-6 жылда дара кәсіпкер ретінде тіркеліп, заңды түрде салығымды төлеп отырмын. Бірақ бірден айтайын, менің оборотым мына жерде көрсетілген сомаға сай келмейді. Әрі 2023 жылы 10 шілдеде күшіне енген Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы Қазақстан Республикасының Заңына сай толығымен жұмыс істеп жатырмын деп сенімді түрде айта аламын. Мен өзім салық, құжат дегендерге бей-жай қарай алмайтын адаммын. Оны көмекшілерім де, заңгерім де, есепшім де (бухгалтер) растай алады. Кәдімгідей қандарын ішем ғой. Сондықтан да алдағы уақытта салық органдарына жүгініп, міндетті түрде қайта тексерісті талап етемін. Салықтан ешкім жалтармайды, жалтармауы да тиіс. Ол әлеуметтік саланың бірден-бір қайнар көзі. Жанашырлық танытып жатқан жандарға да алғыс. Алдағы уақытта салық есептелігінің нәтижесімен міндетті түрде бөлісемін», - деп жазды ол.

Айтпақшы, желіде блогер, кәсіпкер Перизат Мырзахметтің жазба скрині тарап жатыр. Онда блогердің 120 млн теңге салықтық берешегі бар екені айтылған.
«120 млн астам салық төлеуім керек екен...

Мұндай ақшам болса, пәтерден пәтерге көшіп қаңғымай, баламды жай мектепке беріп жылатпай, продюсерлерден ақшамды ала алмай жыламай өмір сүруім керк қой. 
Қамай салыңдар. Тышқақ лағым да жоқ», - деп жазған.

Саясаткер Мұхтар Тайжан да пікір білдіріп, салық қызметкерлеріне жүгінгенін жазыпты. Айтуынша, өзінің не үшін блогерлердің тізімінде жүргенін сұраған. 
Олар, өз кезегінде, Тайжанның Facebook, Instagram парақшаларында және YouTube-арнасында оқырман көп болғандықтан блогерлер тізіміне қосып қойғанын мойындаған сыңайлы.

Осыдан шамалы бұрын блогер Өркен Кенжебек те аталмыш тізім жайлы жазба ілгенін байқадық. 
«Айналамдағы бар ақшаны есепке алған-ау. Мұндай ақшам болса Қазақсанда жүріп нем бар?" депті блогер. 

Козачков телеграм арнасында жарияланған тізімнің басында блогер Бейбіт Әлібеков тұр. Тізімде оның жалпы қарызы - 2 млрд теңгеден асады деп көрсетілген.

Сол секілді тізімде әнші Айқын Төлепберген,  Жания Журинская, Баян Мақсатқызы,  Ләйлә Сұлтанқызы, Сырымбек Тау сынды белгілі адамдардың аттары жүргенін байқауға болады.
Мәселен, Айқын Төлепбергеннің қарызы 287 миллионнан асады. Ал Жания Журинскаяның берешегі одан да көп – 349 миллион теңге. 
Продюсер Баян Мақсатқызы да мемлекетке 272 миллион теңге тапқан табысынан салық төлемеген. Миллиондап табыс тапса да, салық төлемегендердің қатарында Ләйлә Сұлтанқызы да бар. Ол 160 миллион теңгеден асқан табысының есебінен мемлекетке құн төлемеген.

Сол секілді миллиардер Сырымбек Тау да борышкерлердің қатарында тұр. Кәсіпкердің мемлекет алдындағы қарызы - 114 миллион теңге айналасында.

Ал әнші Алтынай Жорабаева мемлекеттік кірістер департаментіне 110 миллион теңгеден түскен құнды төлеуі тиіс.

Тізімде журналист,  блогер Өркен Кенжебекте жүр. Оның табысы - 215 миллион теңге деп көрсетілген. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow