Қазақ мұнайы тасымалданатын құбырға дрондар шабуыл жасады

Ақпан 17, 2025 - 14:42
Ақпан 17, 2025 - 14:52
Қазақ мұнайы тасымалданатын құбырға дрондар шабуыл жасады
ЖИ Grok X/ sadaq.kz

Бүгін Каспий Құбыр Консорциумының (КҚК) мұнай тасымалдау нысаны – «Кропоткинская» мұнай айдау станциясы (МАС) дрондар шабуылына ұшырады, деп хабарлайды Sadaq.kz.

«Террористік соққы жарылғыш заттар мен металл зақымдаушы элементтермен жабдықталған 7 ұшқышсыз ұшу аппаратымен жасалды. Анықталғандай, шабуыл уақыт бойынша бөлініп ұйымдастырылып, нысан жұмысына нұқсан келтірумен қатар, станция қызметкерлері арасында құрбандарға әкелуді көздеген. МАС персоналы арасында зардап шеккендер жоқ. Консорциум қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттері мұнайдың төгілу қаупін болдырмауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта «Кропоткинская» МАС жұмысын тоқтатты. Теңіз – Новороссийск құбыр жүйесі арқылы мұнай айдау қысқарған режимде, станцияны айналып өтіп жүргізілуде», - делінген КҚК хабарламасында.

АҚШ пен Еуропаның мұнай компаниялары өкілдерін қоса алғанда, халықаралық консорциумның барлық акционерлері азаматтық нысанға жасалған дрондық шабуыл туралы хабардар етілді.

«КҚК тарапынан қазақстандық мұнайды қабылдауға шектеулер жоқ, мұнай қабылдау қалыпты режимде жүріп жатыр», - деп қосты КҚК . 

Айта кетейік, КҚК құбыр жүйесі – ТМД аумағындағы энергетика саласындағы ең ірі жобалардың бірі.

Теңіз – Новороссийск құбырының ұзындығы 1 511 км, бұл бағыт арқылы Қазақстан экспорттық мұнайының үштен екісі, сондай-ақ Каспийдегі кен орындарын қоса алғанда, Ресейдің кен орындарынан шикізат тасымалданады. КҚК теңіз терминалы 3 айлақтық құрылғымен жабдықталған, олар танкерлерді жағалаудан едәуір қашықтықта қауіпсіз тиеуге мүмкіндік береді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow