Қазақстан пара велоспорттан тағы екі алтын медаль жеңіп алды
V Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы қазір 12 алтын, 15 күміс және 20 қола медальмен жалпы есепте 47 жүлде жинады.
Қазақстандық спортшылар Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында пара велоспорттан сәтті өнер көрсетіп, екі алтын және екі күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды sadaq.kz
23 қазанда тасжолда өткен жарыста ерлер арасында B класында 65 шақырымдық қашықтықта Наиль Ермұханбет пен оның пилоты Руслан Әлиев мәреге 2 сағат 1 минут 21 секундта жетіп, алтын медаль жеңіп алды.
Ал Кирилл Илюкевич пен оның пилоты Глеб Бруссенский 2 сағат 11 минут 42 секунд нәтижемен күміс жүлдегер атанды.
Әйелдер арасында 55 шақырымдық қашықтықта Анастасия Калаус пен оның пилоты Полина Братчикова 2 сағат 5 минут 47 секундта мәреге жетіп, алтын медаль иеленді.
Жұлдыз Қайнарова мен оның пилоты Анжелла Соловьева 2 сағат 9 минут 43 секунд нәтижемен күміс жүлдеге қол жеткізді.
Осылайша, V Азия Пара ойындарының жетінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасының жалпы медаль саны 47-ге жетті. Оның ішінде 12 алтын, 15 күміс және 20 қола медаль бар.