ХАМАС кепілде ұстап отырған үш Израиль азаматын босатты
Израиль кепілден босаған азаматтарының орнына 90 палестиналықты қамаудан босатып, "Қызыл крест" ұйымына тапсырады.
2023 жылғы 7 қазанда палестиналық ХАМАС тобы (АҚШ пен Еуроодақ террористік топтар тізіміне қосқан) кепілге алған Израильдің үш азаматы босатылып, еліне оралды. Бұл туралы 19 қаңтар кешке Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) мен елдің қауіпсіздік қызметі хабарлады, деп жазады Азаттық радиосы.
Кепілдегі адамдар Газа секторындағы атысты уақытша тоқтату туралы келісім аясында босатылды. Келісім 19 қаңтар таңертең күшіне енген.
ХАМАС тобы бұған дейін кепілдегі адамдарды Халықаралық Қызыл крест комитетінің өкілдеріне тапсырған. Израиль армиясының хабарлауынша, оларды еліне әскерилер мен қауіпсіздік күштері қызметкерлері жеткізген. Кепілден босағандар отбасымен қауышқан. Алда медициналық тексеруден өтуі керек.
Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, үш әйел кісі кепілден босатылған, олар – Роми Гонен, Эмили Дамари мен Дорон Штайнбрехер.
Израиль кепілден босаған азаматтарының орнына 90 палестиналықты қамаудан босатып, "Қызыл крест" ұйымына тапсырады.
Сіздің реакцияңыз қандай?