Қытайлық сейсмологтар Азияда жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін екенін айтып, дабыл қағып жатыр

Қытайлық сейсмологтар тобы Қытайда және оған жақын аудандарда жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін екенін ескертті. Мамандардың айтуынша, жер сілкінісінің магнитудасы 8-ге жетуі мүмкін.
South China Morning Post басылымының хабарлауынша, зерттеушілер Қытайда және көршілес аймақтарда 8 балдық жер сілкінісі қаупі артқанын ескертіп отыр.
"Әлем Мьянмадағы жер сілкінісінің салдарынан ес жинай алмай жатқанда, сейсмологтар апаттардың тағы да қайталану қаупі бар екенін ескертеді. Мьянмада ғимараттарды қиратып, мыңдаған адамның өмірін қиған 7,9 балдық жойқын жер сілкінісі болғанға дейін бірнеше күн бұрын қытайлық сейсмологтар тобы бұл өңірде табиғи апат қаупі жоғары болып тұрғанын ескерткен болатын" - деп жазды басылым.
Сейсмологтар 28 наурыздағы жер сілкінісі әлі де қайталанады деп болжап отыр. Зерттеушілер Қытайда және көршілес аймақтарда жойқын жер сілкінісінің болу қаупі жоғары деген тоқтамға келген.
РБК нақтылағандай, сейсмологтар шамамен 150 жыл ішіндегі - 1879 жылдан бүгінгі күнге дейінгі сейсмикалық деректерді талдап, Қытайда және оған жақын аймақтарда жер сілкінісі болуы мүмкін алты негізгі кезеңді анықтаған.
Сарапшылардың пікірінше, бұл кезеңдердің әрқайсысы күн ұзақтығының өзгеруі және тектоникалық кернеудің сәйкесінше өзгеруі арқылы өлшенетін Жердің айналу жылдамдығының ығысуына тұспа-тұс келеді.
Олардың пікірінше, аймақ қазір жаңа сейсмикалық белсенді кезеңнің қалыптасу фазасына өткен болуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, 28 наурызда Мьянмада жойқын жер сілкінісі болды. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, жер сілкінісінің магнитудасы – 7,7. Алғашқы күшті жер сілкінісінен кейін магнитудасы 6,4 болатын тағы бір афтершок тіркелген. Жер сілкінісі Таиланд астанасы Бангкокта да сезілген. Бұл жағдайдан соң Мьянмада, кейін Бангкокта төтенше жағдай жарияланды.
Сейсмикалық қызметтің мәліметінше, алғашқы қуатты жер сілкінісінен соң Оңтүстік-Шығыс Азияда 37 афтершок тіркелген.
3 сәуірдегі жағдай бойынша жер сілкінісі құрбандары 3085 адамға жетіп, 4715-тен астам адам жарақат алған.
nur.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?






