Коммуналдық тарифтер 2026 жылдың І тоқсанына дейін өспейді

Президент тапсырмасы бойынша Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономикалық реформалардың теріс салдарын барынша азайту бағытында шаралар қабылдауда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биылғы 16 қазаннан бастап барлық тұтынушылар тобы үшін коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеру 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін тоқтатылады. Тарифтердің өсуін тежеу табиғи монополиялар субъектілерінің операциялық шығыстарын оңтайландыру есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте ТКШ жүйесі нысандарында жоспарланған барлық жөндеу жұмысы белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Айта кету керек, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін тұрғын үй көмегін көрсету тетігі қолданылады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу үшін отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру көлемін екі есе ұлғайту арқылы тұрақтандыру қорларының жұмысына қосымша серпін беріледі, бұл өз кезегінде ӘМАТ санатына жататын өнімдер бағасының төмендеуіне әкеледі.
Делдалдық схемаларды және сауда үстемелерін асыра қосу фактілерін анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысын күшейтуге ерекше назар аударылады.
Айта кетейік, премьер-министр Үкімет мүшелерінің, басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының қатысуымен Мемлекет басшысының азаматтар мүддесі үшін экономикалық реформалар бағдарламасын жүзеге асыруды ретке келтіру жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






