«Қорқып отырмыз»: Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта тұрғын жауап берді
Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы жалғасуда. Бүгінгі процесте қайғылы оқиға орын алған Тәуелсіздік көшесіндегі тұрғын үйдің 21 жылдық тұрғыны, куәгер Валерия Самсонова жауап берді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Үй басынан дұрыс салынбаған 2005 жылдан бері осы үйде тұратын куәгердің айтуынша, 2004 жылы пайдалануға берілген ғимаратта әуелден-ақ сапасыздық салдары байқалған:
Тоғызыншы қабатта тұратын куәгер шатырдан үнемі су кететінін, тіпті кезінде пәтерді су басқаны үшін үйді басқарған басшылықпен соттасқанын жеткізді.
2025 жылғы қайғылы оқиғадан кейін әкімдік тұрғын үйдің қасбетіне жөндеу жасап, кірпіштерін демонтаждап берген. Алайда, арада екі апта бұрын дәліздегі қабырғаларда жаңа жарықтар мен сызықтар пайда болып, ғимараттың сол жақ қасбеті қайта сөгіле бастаған.
«Алдағы уақытта не боларын білмей, қорқып отырмыз. Сол жақ қасбеттің түбінде балалар алаңы орналасқан. Егер тағы бірдеңе құласа, қайғылы жағдай қайталануы мүмкін», — деді куәгер Валерия Самсонова.
Сонымен қатар, куәгер құрылыс талаптарына сәйкес бұл үйдің сыртқы қасбетіне кондиционер орнатуға мүлдем болмайтынын атап өтті.
Қайғылы оқиға қалай болған еді? Фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашасында шақыру бойынша медициналық көмек көрсетуге келген сәтте, көпқабатты үйдің қасбетінен кондиционер блогы құлап түскен. Арада бірнеше күн өтіп, 18 қарашада жас маман ауруханада көз жұмды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұм Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0