«Құрмет пен теңдікті көрдім»: Тізерлеген журналист көпшілікті тәнті етті
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Абдиевтің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған суреті көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Суретте журналистің депутатпен тең дәрежеде тізерлеп отырып, сұхбаттасқанын көруге болады. Бұл қадамды көпшілік – тек кәсіби мәдениетті сақтау ғана емес, адамгершілік пен үлкен сыйластықтың үлгісі ретінде бағалады.
Депутат өз жазбасында журналистің есімін біліп үлгермесе де, оның құрметіне ерекше риза болып, толқығанын жасырмады.
«Бір сұхбат барысында ерекше бір сәт болды. Журналист қыз менімен көз деңгейінде сөйлесу үшін тізерлеп отырды. Бұл күтпеген, бірақ терең мағыналы, үлкен әдеп пен құрметтің белгісі еді. Теңдік– адамның бойында және ар-ұятында. Ал инклюзия – сөзден бұрын іс-әрекетпен өлшенеді. Құрмет осындай қарапайым қадамдардан басталады»,– деп жазды депутат.
Айта кетейік, суретте сұхбат алып тұрған — «Еуразия» бірінші арнасының журналисі, «Заң мен ел» бағдарламасының жүргізушісі Ақбөпе Тәңірберген.
Желі қолданушылары: «Адам білімді болған сайын иіле береді», «Керемет сыйластық көріп тұрмын. Тәрбие мен сыйластықтың көрінісі», «Адамгершілігі мен тәрбиесі мықты екен», «Тізерлесе де қызымыз биікте тұр», «Нағыз кәсіби маман екен»,«Ақбөпе Тәңірберген деген журналист қой», – деп жылы пікірлерін жаудыра жазуда.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
1
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0