Маңғыстауда газдан уланып көз жұмған отбасының өліміне қатысты дерек шықты

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылында жеті адам газдан уланып мерт болған отбасының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу жалғасып жатыр. Бұл туралы sadaq.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым мәліметінше, көршілерді ересектер мен балалардың кенеттен үйден шықпай қалуы алаңдатқан. Құтқарушылар мен медицина қызметкерлері келген кезде үйден жеті адамның жансыз денесін тапты.
"Қазір өлім себебін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сараптаманың қорытындысы бір айдан кейін дайын болады. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция департаменті басшысының тапсырмасымен арнайы тергеу тобы құрылды", – деді Маңғыстау облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Қайрат Өтемісов.
Айта кетейік, қайтыс болғандар – Өзбекстан азаматтары. Олар бұл үйде уақытша тұрып жатқан. Туыстары мен көршілерінің болжамынша, қайғылы жағдай мұржаның мұзбен жабылып қалуынан болған. Түтін сыртқа шықпай, бөлмелерге таралған. Бір нұсқаға сәйкес балалардың бірі қауіпті сезіп, ата-анасын оятуға тырысқан. Бірақ есікті аша алмаған немесе терезеден шыға алмаған. Оны перделерге оралып қалған күйінде тапқан.
Алдын ала болжам бойынша трагедияның себебі – газ жабдықтарын пайдалану ережелерін бұзу. Құтқарушылар ауылда газ пештерін тұрақты түрде тексеріп, тұрғындарға қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізетіндерін айтады. Алайда жеті адамның өмірін жалмаған үй қандай да бір себептермен тексеруден тыс қалған.
"Бұл үйге қатысты… Бұл ауданда үгіт-насихат жүргіздік. 500-ден астам аула араланды, үш мыңнан астам тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бірақ дәл осы үйде үгіт-насихат өткізілмеген", – деді Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Александр Алексеев.
Құзырлы органдар оқиғаға қатысты тергеу нәтижелерін жариялауға уәде берді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






