«Зәулім сарайы бар»: Астананың бас имамы желіде тараған ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады

Әлеуметтік желіде «Астана қаласының бас имамының зәулім сарайы» деп түсірілген видео пайда болды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Желіде тараған видеода такси жүргізушісінің зәулім үйдің аспазын жеткізіп салғаны айтылған.
«Астана қаласы бас имамының үйі екен. Ал енді садақа беріңдер. Әр жұма сайын салған садақаларың қайда кетіп жатыр? Қалтаға кетіп жатыр бәрі. Не деген сарай мынау!? Төрт әйелі және жеке аспазы бар екен. Сендердің садақаларыңмен жалақысын төлейді. Мынаның арғы жағын көрсең, 1 гектар жерді қоршап алған», – деді такси жүргізушісі видеода.
Бұған қатысты Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов мәлімдеме жасады.
«Қадірлі мұсылман жамағат! Қазір әлеуметтік желіде Ислам дініне және діннің айналасында жүрген азаматтарға күйе жағу мәселесі белең алды. Ондай адамдар тым шектен шықты деп айтуға болады. Ең әуелі Алла оларға хидаят берсін дейміз. Фейсбук, тикток әлеуметтік желісінде белгісіз бір азамат жалған аккаунт арқылы «Мынау тұрған зәулім үй Астана қаласының бас имамының үйі» деген мазмұнда видео бөліскен. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайтын өтірік ақпарат екендігін қаперлеріңізге саламын», -деді бас имам.
Сонымен қатар Ерболат Жүсіпов көпшілікке үндеу жасап, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.
«Алла елшісі: «Сендердің араларыңдағы Алла Тағалаға ең жек көрініштілерің өсек таратып, адамдар арасына іріткі салып, алауыздыққа апаратындарың»-деген. Ардақты мұсылман қауым, арандатушылардың өсек-аяңынан баршамызды сақтасын. Мен, Ерболат Жүсіпов Астана қаласының Бас имамы ретінде бейне материалда тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеймін»,- деді Ерболат Жүсіпов.
Сіздің реакцияңыз қандай?






