«Наполеонның қымбат заттары ұрланған»: Парижде атақты Лувр музейі тоналды

Қазан 20, 2025 - 14:58
Қазан 20, 2025 - 15:41
«Наполеонның қымбат заттары ұрланған»: Парижде атақты Лувр музейі тоналды
Фото: 24.ru

Лувр мұражайында Наполеон дәуірінің зергерлік бұйымдары қолды болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қылмыскерлер арнайы сатыны пайдаланып, музейдің Сенна өзені жағындағы қабырғадағы терезені бұзып кіріп, Наполеон дәуіріне тиесілі императорлық зергерлік бұйымдарды алып кеткен.

Францияның Ішкі істер министрі Лоран Нуньестің айтуынша, ұрылардың әрекеті бар болғаны төрт минутқа созылған. Олар екі витринаны сындырып, ішіндегі сегіз бағалы экспонатты ұрлап үлгерген.

Олардың қатарында Императрица Евгенияның 1300-ден астам бриллиант және изумрудпен безендірілген тәжi, сондай-ақ Мария-Амелия мен Мария-Луизаға тиесілі диадема мен зергерлік жиынтықтар бар. Бір тәж кейін музей аумағынан сынған күйде табылған. Қалған бұйымдардың қайда екені әзірге белгісіз.

Сарапшылардың пікірінше, қолды болған асыл тастарды қайта табу қиын, себебі мұндай топтар әдетте зергерлікті бұзып, қайта өңдейді. Оқиға музей ашылғаннан кейін жарты сағат өткенде, келушілер залдарда жүрген сәтте болған.

Полиция дерегінше, қылмыскерлер мотоциклмен қашып кеткен. Ешкім зардап шеккен жоқ. Мәдениет министрі Рашида Дати бұл әрекетті "кәсіби дайындалған, төрт минуттық операция" деп атап, "ұлттық мәдени мұраға ауыр соққы" деп бағалады.

Ал Лувр әкімшілігі музейді уақытша жауып, тергеу жүргізу үшін аумақты толық қоршауға алды. Ұрлық француз қоғамында үлкен резонанс тудырды. Саясаткерлер мен музей қызметкерлері қауіпсіздік жүйесіндегі олқылықтар мен кадр тапшылығын сынға алды.

Соңғы айларда Лувр қызметкерлері туристердің шамадан тыс көбеюі мен персоналдың жетіспеушілігі жайында бірнеше рет ескерткен болатын.

Бұл оқиға 1911 жылы "Мона Лизаның" ұрлануынан бері болған ең ірі музейлік қылмыс ретінде бағаланып отыр.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow