Павлодар облысында кәріз құдығына түскен алты адам көз жұмды

Шілде 20, 2026 - 15:38
chat_bubble  0 visibility  12
Павлодар облысында кәріз құдығына түскен алты адам көз жұмды
Фото: istockphoto.com

Павлодар облысы Ақтоғай ауданында төтенше оқиға орын алып, алты адам қаза тапты. Тағы бір жұмысшы ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Оқиға Жоламан ауылында орналасқан «Aqtogai Milk» ЖШС аумағында болған.

Алдын ала мәліметтер бойынша, қайғылы жағдай кәріз құдығындағы электр сорғысының ақауын жою және жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде орын алған. Апат салдарынан 6 адам оқиға орнында көз жұмды. Ауыр халдегі 1 адам жедел түрде медициналық мекемеге жеткізілді.

1988 жылы туған пациент орташа дәрежедегі көмірқышқыл газымен улану диагнозымен Ақтоғай аудандық ауруханасына жатқызылды. Ол қажетті медициналық көмекті алуда, - деп хабарлады денсаулық басқармасынан.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - деп хабарлады Павлодар облысының ПД баспасөз қызметі. 

Қазіргі уақытта оқиға орнында арнайы топ жұмыс істеп, қайғылы жағдайдың нақты себептері мен еңбек қауіпсіздігінің сақталуын анықтауда. Тергеу барысы бақылауға алынды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0