Петропавлда сот төрағасы ірі көлемде пара алу кезінде ұсталды
Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы ірі көлемде пара алып жатып ұсталды.
19 желтоқсанда ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ҚР Сот әкімшілігінің Петропавл қаласы бойынша ішкі қауіпсіздік бөлімі бірлескен операция өткізген.
"Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Б., соттың мүдделі тұлғаның пайдасына оң шешімі үшін 15 мың АҚШ доллары сомасында ірі көлемде пара алу кезінде қылмыс үстінде ұсталды”, – делінген жоғарғы сот хабарламасында.
Өзге ақпараттар тергеу мүддесі үшін жарияланбайтыны айтылған.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының ресми сайтында көрсетілген ақпаратқа сәйкес, аталмыш қызметті 2022 жылдың қаңтар айынан бері Бекбол Баймаханов атқарып келген.
Сіздің реакцияңыз қандай?