«Қас-дұшпандығымыз жоқ, бірақ, арамыз алшақтап кетті»: Депутат Бапи саясаткер Қосанов туралы

Қыркүйек 17, 2024 - 16:20
Қыркүйек 17, 2024 - 16:22
«Қас-дұшпандығымыз жоқ, бірақ, арамыз алшақтап кетті»: Депутат Бапи саясаткер Қосанов туралы

Танымал саясаткер, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи белді саясаткер Әміржан Қосановпен арақатынасы туралы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бапи Қосановпен арада алшақтық барын жасырмады. Саясаткер бұған не себеп болғанының да шетін шығарды.

"Әміржан Қосановтың тақырыбы маған ғана емес, қоғамға да ауыр тақырып қой. 2019 жылғы сайлаудан кейін Әміржан Қосановтың феномені пайда болды ғой. Ол - білікті, сақа саясаткер. Сайлаудағы жағдайдың бәрі белгілі. Оның бәрін қайтадан қопсытып, бықсытып айтып отыратындай емес. Дегенмен содан кейін кішкене арамыз алшақтап кетті.

Жаңа Қазақстан идеясы Президент Тоқаевтың бастамасы емес, 2019 жылы сайлауға келген кезде Жаңа Қазақстан деп келгенбіз. Жаңа Қазақстан платформасын құрдық. Жаңа Қазақстанның өкілі Әміржан болды. Бірақ кейіннен осындай жағдайлар болды. Сайлауға қатысқан азаматтар артынан бізді жазғырып шықты", - деді депутат "4VLASTINFO" арнасына.

Дегенмен Бапи мен Қосановтың арасында туыстық қарым-қатынас бар болып шықты.

"Той-томалақ, қазалы жерлерде жолығамыз ғой. Бір-бірімізге қас дұшпандығымыз жоқ. 2019 жылы мен ЖСДП партиясының төрағасы болдым. Саяси жағдайларға байланысты ол партияны сайлаудан өтпей қалған азаматпен араластыруға, жақындастыруға болмайтын болды. Саясат деген өзі сасық дейді ғой. Сондай жағдайлар болып тұрады. Сол кезден бастап арамыз алшақтағаны шын.

Немерелес бажамыз. Қыздар (әйелдері - еск.) араласып, хабарласып, бір-біріне барып тұрады. Ал өз тарапымыздан әрқайсының саяси шешіміне, саяси таңдауына байланысты бағыт-бағдарымыз өзгеше болып кеткені шын", - деді ол сұхбатында.

Айта кетейік, 2019 жылы "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан сайлауға түскен Әміржан Қосановқа сайлаушылардың 16,2 пайызы немесе 1,4 миллион адам дауыс берген еді. Кейін сайлауда жеңіске жеткен Тоқаевты құттықтаған Қосановтың әрекеті көпшілікке жақпай қалды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow