Сегіз өңірге тасқын қаупі төніп тұр

Наурыз бен сәуір айларында болжам бойынша, ауа райы жылынып, мол жауын-шашын түспек. Бұл тасқын қаупін зорайтып отыр. Премьер-министрдің сайтындағы мәліметке қарағанда, су тасқыны қаупі жоғары аймақтарға Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Абай және Ұлытау облыстары кіріп отыр. Бұл тұрғыда орташа қауіпті аймақтарға Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары енген.
Ресми ақпаратқа қарағанда, бейсенбі күні республикалық штабтың отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға "су тасқынына жол бермеу үшін тиісті шараларды қабылдауды, су тасқыны болуы мүмкін елді мекендерде тиісті топтар мен құралдарды әзірлеуді" тапсырған. 13 наурыздағы жағдай бойынша елдің 67% қар басып жатыр. Елдің солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және орталығында тоң әлі де қалың екені айтылады.
"Аймақтардың дайындығы жоғары деңгейде болуы керек. Әкімдіктер елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін кешенді шаралар қабылдауы тиіс. Олардың айналасын топырақ үйінділерімен бекітіп, бірінші кезекте сырттан келетін суды бөгеу керек. Су өткізу құрылыстары, көпірлер мен тюбингтер қатып қалған мұз бен қоқыстардан тазартылып, қарғын суды өткізіп жіберуге дайын болуы тиіс. Өзен арналарын тазартып, бекіту қажет. Дала өзендерінің бітелуге айналған жерлерін кеңейту керек. Су басу қаупі жоғары елді мекендерде күштер мен құралдарды, оның ішінде тиісті техниканы дайындау қажет. Эвакуация орындарын анықтаңыздар. Олар тіршілікке қажетті барлық құралдармен жабдықталуға тиіс" деді премьер-министр Олжас Бектенов жиын кезінде.
Былтыр Қазақстанда жердің тоңы жібімей жатып күрт еріген қалың қар суы мен арнасынан асқан өзен суы елді мекендерді басып, жұрт үйінен, мал-мүлкінен айырылған. 17 облыстың онын су алып, сегіз облыста төтенше жағдай жарияланған.
2024 жылы сәуірде төтенше жағдайлар министрлігі Атырау облысы Құлсары қаласында тасқыннан төрт адам опат болғанын мәлімдеген. Бұдан бөлек, Ақтөбе өңірінде еріген қар суына батып мерт болған екі баланың ажалына "тасқынның қатысы жоқ" деді жергілікті билік. Ал Абай облысында өзен тасып жатқанда төрт адам хабарсыз кетті.
БҰҰ былтыр көктемде Құлсарыда болған апаттың салдарын азайтуға болар еді деп жазған. Су тасқынынан кейін Құлсарыға жақын маңнан өтетін Жем өзенінің жоғарғы жағында бірде-бір гидропост жоқ екені белгілі болды.
Азаттық радиосы
Сіздің реакцияңыз қандай?






