Шерзат ісі: Уақытша ұстау изоляторының басшысы қызметінен босатылды

Шерзат Полаттың өліміне қатысты күдіктілердің түрмеде туған күн тойлаған видеосы әлеуметтік желіде тарған болатын. Осыдан кейін жауаптылар жұмыстан қуылып, бақылау күшейтілді, деп хабарлайды sadaq.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданыны уақытша ұстау изоляторындағы жағдай бойынша тексеру жүргізілді.
"Видеоны уақытша ұстау изоляторының бұрынғы қызметкері түсіргені анықталды. Ол бұл үшін жеке ұялы телефонын пайдаланған. Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін ол арнайы шенінен айырылып, жұмыстан қуылды", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және тиісінше бақылау жүргізбегені үшін 16 басшы мен қызметкер лауазымнан босатылуға дейін қатаң тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде УҰИ басшысы да лауазымнан босатылды", – деп атап өтті министрліктен.
Болған жағдайға байланысты УҰИ-де режимді бақылау күшейтілді: қосымша бейнемониторинг шаралары енгізіліп, ұқсас мекемелерде жоспардан тыс тексерулер басталды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






