«Шетелде жүрсе де ұлт руханиятын ұлықтаған»: Абай ескерткішін тазалаған жігіт жұртты сүйсінтті

Бейжіңдегі Абай Құнанбайұлының ескерткішінің шаңын сүртіп, айналасын тазалап жатқан жігіттің әрекеті желі қолданушыларының жүрегін елжіретті. Көпшілік оның әрекетін патриоттық пен мәдениетке деген құрметтің жарқын үлгісі ретінде бағалап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қытай астанасы Бейжіңдегі "Чаоян" саябағында орналасқан Абай ескерткішіне күтім көрсеткен жас жігіттің әрекеті әлеуметтік желіде тарады.
Бейнежазбада оның ескерткіштің шаңын сүртіп, айналасын тазалап жатқаны анық көрінеді.
«Іле қазақтарының қытай астанасындағы Абай ескерткішіне құрметі», - деп жазды видео авторы.
Абай – қазақ руханиятының темірқазығы. Оған деген ықылас – туған ел мен мәдени мұраға деген құрметтің көрінісі.
Көпшілік жігіттің ісіне жылы пікір білдіріп, елге деген сүйіспеншілігіне тәнті болғанын жарыса жазуда.
«Әр елде осындай ұрпақтың бар болғанына шүкір», - деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Сіздің реакцияңыз қандай?






