Шымкентте үйірмелерді тексеріп жүрген шенеунік дәретханада токқа түсіп қалған

Бүгін Шымкент өңірлік коммуникациялар қызметінде «Шымкент қаласындағы қоғамдық-саяси ахуал туралы» брифинг өткізген Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қосымша білім беру саласындағы былықтарды айтып, суреттерін көрсетті, деп жазады sadaq.kz сайты Azattyq Rýhy порталына сілтеп.
Оның айтуынша, мектеп жасындағы балаларға мемлекет тарапынан тегін қосымша білім беру саласында күдік тудыратын факторлар көп. Мысалы, кейбір ата-ана баласы үйірмеге мүлде бармаса да оның атына ваучер алынғанын естіп, таң қалған екен. Әкімдік осы саладағы жемқорлық және қаржыны тиімсіз пайдалану фактілерінің алдын алу үшін ваучер алатын өнім жеткізушілерді тоқсан сайын тексеріп жатқан көрінеді.
«Бұрын бюджет бірнеше басқарма тарапынан қадағаланса, қазір осы тегін қосымша білімнің бюджеті тек білім басқармасы тарапынан ғана қадағаланады. Өнім берушілердің тоқсан сайынғы мониторингін жасаймыз. Бұрын жылына бір рет тексере алатын едік, енді үш айда бір рет тексере аламыз, арыз түскен жағдайда ескертусіз барып тексере аламыз. Бұрын білім басқармасынан 34 өнім жеткізуші, спорт басқармасынан 120 өнім жеткізуші, мәдениет басқармасынан 190 өнім жеткізуші тіркелген еді. Барлығын қосқанда 344 өнім жеткізуші, олардың филиалын қосқанда 403 болатын», - дейді әкімнің орынбасары.
Осы өнім жеткізушілерді тексерген әкімдік олардың өз ғимараты жоқ екен, көбі арендаға алатынын анықтаған. Кейбір жағдайда балаларға үйірме өткізетін орынның сын көтермейтіні анықталған. Тіпті, балалар қандай жердегі үйірмеге барып жүр деп тексерген шенеуніктің бірін тоқ соғып алған екен.
«Енді біз оларға мынандай бірнеше талап қоямыз: бірінші, өз ғимараты болу керек, екінші - білім бағдарламасы болу керек, үшінші терроризмге қарсы қорғанысы болу керек, яғни, әкімдіктен рұқсат алу керек. Осы жерде неге білім бағдарламасын талап етіп отырмыз? Өйткені, кейбір өнім жеткізушілер мектепте оқитын сабақтарды қайтып үйретеді. Сондықтан, мектепте оқылатын дүниені қосымша оқыту да теріс деп санадық. Сондықтан, оның өз бағдарламасы болу керек. Бұдан өзге, бір өнім жеткізуші бір нөмірді 200 ата-анаға тіркеп қойған. Жаттықтырушылардың арасында үйден шығуы мұңға айналған 78 жастағы қариялар бар екен. 50 балаға арналған залға 150 бала барғанын көрдік. Яғни, біз мониторингтің арқасында кемшіліктерді анықтап, соны жойғызамыз. Мысалы, мына суретте өнім беруші балаларға осындай жағдай ұсынған. Оны тексеруге барған біздің бір қызметкерді тоқ ұрып алған. Қайта Құдай сақтады», - дейді Сәрсен Құранбек әлгі мекеменің суретін көрсете отырып.
Осылайша, Сәрсен Құранбектің мәліметіне сүйенсек, 403 өнім берушінің 180-і талапқа сай жұмыс істемегені анықталған. Қазір олардың біразы ғимаратын талапқа сай жөндеген екен.
Сіздің реакцияңыз қандай?






