СҚО-да екі жұмысшы ауыр жарақат алды
Солтүстік Қазақстан облысындағы элеваторда астықты кептіру кезінде екі жұмысшы айналып тұрған механизмнен жарақаттанып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
СҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, оқиға 3 қыркүйек күні сағат 16:00 шамасында Дубровное ауылындағы «Агрофирма Мамлютская» ЖШС элеваторында болған.
Жұмысшылар астық кептіргіш қондырғысында жұмыс істеп, дәннің кептіргішке үздіксіз берілуін бақылаған. Жұмыс барысында қондырғының жоғарғы бөлігінде жүрген слесарьдің шалбарының балағы білікке ілініп кеткен. Соның салдарынан киімі оралып, жұмысшы сол жақ аяғынан ашық сынық алған. Оған көмек көрсетуге тырысқан әріптесінің де қолы механизмге түсіп, оң жақ білегі сынып кеткен.
Оқиғаны көрген өзге жұмысшылар дереу қондырғының электр қуатын өшіріп, механизмді тоқтатқан. Зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіліп, жедел жәрдем шақырылды. Ауыр жарақат алған екі жұмысшы да медициналық мекемеге жеткізілді.
Бұл оқиғаны ведомство бақылауға алды. Қазір оның нақты себептері мен барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0