Соғыс тоқтады: Израиль ХАМАС-пен келісімге келгенін растады

Қаңтар 16, 2025 - 10:42
Соғыс тоқтады: Израиль ХАМАС-пен келісімге келгенін растады
rbc.ru

Израиль мен ХАМАС радикал тобы (ЕО мен АҚШ-та террористік ұйым танылған) атысты уақытша тоқтату және 2023 жылы 7 қазан күнгі шабуыл кезінде тұтқындалған израильдіктердің бір бөлігін босату бойынша келісім жасады. Бұл жөнінде Катардағы баспасөз жиыны кезінде премьер-министр Мұхаммед бин Абдулрахман әл-Тани мәлімдеді, Азаттық радиосы. 

Келісім жасалғанын Израиль билігі мен ХАМАС өкілдері де растады. Ол 19 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Израиль ақпарат құралдарының жазуынша, келісімге сәйкес, ХАМАС 33 израильдік тұтқынды босатады. Ал Израиль түрмеден ХАМАС-қа қатысы бар және израильдіктерге шабуыл жасады деп сотталған тұтқындарды қамаудан шығарады. Әрбір израильдік үшін ХАМАС – 30 тұтқын, әрбір әскери қызметкер үшін 50 сотталушы алады.

Қанша тұтқынның тірі екені, қаншасы мерт болғаны әзірге айтылмайды.

Израильдік 12-арнаның хабарлауынша, әуелі тірі қалған израильдіктер босатылады. Алғашқы үш тұтқын 19 қаңтарда босатылуы мүмкін. Жеті күннен кейін яғни, 26 қаңтарда тағы төрт тұтқын жіберілмек.

Осыдан кейін ХАМАС әр апта сайын (14-күн, 21, 28, 35-күн) үш-үштен тұтқындарды босатып отырады. Соңғы аптасында қалған 14 тұтқын бостандыққа шығады.

Келісім бойынша, атысты тоқтату мерзімі алты аптаға созылады. Осы уақыт аралығында Газа секторына 600 жүк көлігімен гуманитарлық көмек беріліп, Израиль әскері біртіндеп сектордан шығарыла бастайды.

АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден келісімді жылы қабылдап, оған қол жеткізуде Америка дипломатиясы маңызды рөл атқарғанын атап өтті.

ХАМАС жетекшісі Халел әл-Хейя палестиналықтарға қолдау көрсеткен елдерге алғыс айтып, Ресейді де атады. Ол Газа сектор тұрғындарын атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізуімен құттықтап, бірақ Израильмен текетірес жалғаса беретінін айтты.

Келісім жасалғаны жөнінде ақпарат тарағаннан кейін Газа секторының бірқатар қаласында жүздеген адам көшеге шығып, келісімді тойлаған. Израиль көшелерінде де жұрт тұтқындардың жуық арада оралатындығына қуанып, тойлай бастаған. Алайда израильдіктердің бір бөлігінің келісімге көңілдері толмайды, себебі тұтқындардың бір бөлігі ғана үйге оралмақ.

2023 жылы қазанда Газаны бақылайтын ХАМАС тобы Израильге тұтқиылдан басып кіріп, мыңнан астам адамды өлтіріп, 200-ден астамын өздерімен бірге Газаға күштеп алып кеткен. Бұған жауап ретінде Израиль Палестинаның Газа аймағында арнайы операция бастаған. ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 45 мыңнан астам сектор тұрғыны опат болған. Бұған қоса, ХАМАС-тың жоғары лауазымды тұлғалары өлтіріліп, ұйымның әскери инфрақұрылымының бір бөлігі жойылған.
Бұған дейін тұтқындардың біраз бөлігі тұтқын алмасу кезінде босатылған. Израиль арнайы қызметінің бағалауынша, қазір ХАМАС-тың қолында 99 тұтқын бар, біраз бөлігі мерт болған.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow