АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық танымал журналист Такер Карлсонды Вашингтонның Иранға қарсы әскери операциясына қарсылық білдіргені үшін қатты сынға алды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Трамп ABC телеарнасына берген сұхбатында Карлсонды "Американы қайтадан ұлы елге айналдырамыз" (Make America Great Again, MAGA) саясатының мәнін түсінбейді деп айыптады. Президенттің сөзінше, Карлсон MAGA идеясына сәйкес келмейді және елді сақтау мен қайтадан ұлы ету мақсаттарын түсінбейді.
"Такер бағдарынан жаңылды… Ол бізбен, MAGA-мен бірге емес екенін бұрыннан білетінмін. MAGA-ның мәні – елді сақтау және оны қайтадан ұлы ету. Бұл "Бәрінен бұрын Америка" саясаты, ал Такер бұл критерийлерге сәйкес келмейді. Оны түсінуге өресі жетпейді", – деді Трамп.
Иранға қарсы операция басталған соң, Карлсон ABC телеарнасының жүргізушісі Джон Карлға берген сұхбатында Вашингтонның әрекетін сынаған. Журналист бұрыннан Трамптың жақтаушысы болғанымен, сыртқы саясатқа қатысты көзқарасын жасырмай, шетелдік қақтығыстарға араласуға қарсылық білдірген.
Карлсон сонымен қатар АҚШ-тың Украинаға қолдауын "Ресейге қарсы прокси соғыс" деп сипаттаған және Иранға қатысты кез келген әскери әрекет АҚШ үшін зиянды болатынын ескерткен.
Бұған дейін журналист АҚШ-тың Израильдегі елшісі Майк Хакабиден сұхбат алған, онда елші Израильдің Мысырдағы Ніл мен Сириядағы Евфрат өзендері аралығындағы жерге інжілдік құқығы барын айтқан.
Осы сөзге байланысты БАӘ, Мысыр, Иордания, Индонезия, Пәкістан, Түркия, Қатар, Кувейт, Оман, Бахрейн, Ливан, Сирия және Палестина сыртқы істер министрліктері, сондай-ақ Ислам ынтымақтастық ұйымы, Араб мемлекеттері лигасы және Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі хатшылығы табанды қарсылық білдірді.