Талғарда тағы да қылмыс тіркелді: 20 жастағы жігіт айуандықпен өлтірілген
Алматы облысында 20 жастағы бозбаланы қаскөйлер аса қатыгездікпен пышақтап өлтірді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
«2026 жылы 12 сәуірде менің ағам 20 жастағы Әнуар Мұсаев Талғар ауданында қатыгездікпен өлтірілді. Оған 10-нан астам адамнан тұратын топ шабуыл жасады. Бұл кездейсоқ оқиға емес еді. Суық қанды топтық шабуыл болды. Оны қоршап алып, өзін қорғау мүмкіндігінен айырды. Ол пышақ жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Бізде оқиғаның бейнежазбасы бар. 30-дан астам куәгер бар. Бірақ соған қарамастан, тек бір адам қамауда», - деп жазды марқұмның қарындасы.
Осы оқиғаға қатысты Алматы облысының полиция депаратментіне сауал жолдадық.
«Полиция қызметкерлері 12 сәуір күні Гүлдала ауылындағы мейрамханалардың бірінде орын алған адам өлтіру және бұзақылық фактілері бойынша екі қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 20 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды», - делінген полиция хабарламасында.
Сондай-ақ полиция тағы үш адамның ұсталғанын хабарлады.
«Сонымен қатар бұзақылық фактісі бойынша тағы үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алайда соттың шешімімен олардың екеуіне қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ қолданылды. Ал кәмелетке толмаған күдіктіге қатысты қылмыстық қудалау органы қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес бұлтартпау шарасын қолданды», - деп атап өтті полициядағылар.
Оқиғаның барлық куәгері анықталып, қылмыстық іс аясында жауап алынды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Полиция барлық тараптың уәжі мұқият тексерілетінін атап өтті.
Тергеу барысы Алматы облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0