Тоқаев Ильхам Әлиевпен келіссөз жүргізді

Қазан 21, 2025 - 14:06
Тоқаев Ильхам Әлиевпен келіссөз жүргізді
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев келіссөз жүргізді.

"Сізді мемлекеттік сапарыңыз аясында Қазақстанда қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды оқиға. Қазақстан мен Әзербайжан тек достас елдер емес, сондай-ақ бауырлас халықтар. Сондықтан сіздің еліңізбен сан қырлы ынтымақтастықты өркендетуге баса мән береміз. Қазіргі кезде Әзербайжан сіздің қуатты көшбасшылығыңызбен халықаралық аренадағы абырой-беделін елеулі түрде арттырды, өз өңірінде ықпалды мемлекет ретінде өте маңызды рөл атқарады. Біз үшін Әзербайжанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты және саяси серіктестікті нығайту – аса өзекті міндет", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Ильхам Әлиев бүгінде Қазақстан жоғары деңгейде дамып жатқанын атап өткен.

"Бүгінде Қазақстан дамудың жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Еліңіздегі қоғамдық-саяси жағдай тұрақты, экономикалық даму қалыпты. Сіз жүргізіп жатқан реформаларды зор қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еліңізді жаңғырту мен әлеуетін арттыру жолындағы бағдарыңызды толық қолдаймыз. Екіжақты қарым-қатынастың стратегиялық, одақтастық сипат алғанын атап өттіңіз. Біз барлық бағыттағы ықпалдастықты нығайтуға ниеттіміз. Бүгінгі келіссөз, сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысы барысында ауқымды күн тәртібін тағы да пысықтап, өзара серіктестіктің алдағы қадамдарын айқындаймыз", - деді Әзербайжан президенті.

Келіссөз барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін жан-жақты талқылаған.

Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ықпалдастыққа назар аударған. Бұдан бөлек, тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқан.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow