Трамп Путинмен Будапеште кездесетінін мәлімдеді

Қазан 17, 2025 - 10:29
Қазан 17, 2025 - 11:29
Трамп Путинмен Будапеште кездесетінін мәлімдеді

Бейсенбі күні Ресей басшысы Владимир Путинмен телефонмен сөйлескенін хабарлаған АҚШ президенті Дональд Трамп "айтарлықтай өнімді әңгіме" болғанын жазды.

"Президент Путин мені және АҚШ-ты Таяу Шығыста бейбітшілікке қол жеткізуімізбен құттықтады. Таяу Шығыстағы сәттілік Ресей мен Украина соғысы бойынша келіссөздерімізге көмектеседі деп сенемін" деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Трамптың айтуынша, ол Путинмен бірге "Украинадағы соғыс аяқталғаннан кейін Ресей мен АҚШ арасындағы сауда-саттықты дамыту мәселесін" көп талқылаған.

Әңгіменің соңында олар келесі аптада жоғары деңгейдегі кездесу өткізу жөнінде келіскен.

"Әуелі алғашқы кездесуді АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио және өзге де бірқатар тұлғалар өткізеді. Кездесу орны сәл кейінірек анықталады. Одан кейін президент Путинмен бірге келіскен орында, Будапеште кездесеміз, Ресей мен Украина арасындағы осы "абыройсыз" соғысты аяқтай аламыз ба, соны талқылаймыз" деп жазды Трамп.

17 қазанда Ақ үйде Зеленскиймен кездесетінін айтқан Трамп Украина басшысымен Путинмен болған әңгімені және өзге мәселелерді талқылайтынын жазды. Алайда "Томагавк" ракетасы туралы айтпады.

Жуырда Трамп журналистерге егер Украинадағы соғысты тоқтата алмаса, Украинаға "Томагавк" ракетасын беретінін жоққа шығармаған. Алайда Трамп әуелі мұны Ресеймен талқылайтынын айтқан.

Мәскеу "Томагавк" ракетасын Украинаға беру соғысты ушықтырып, Мәскеу мен Вашингтон арасын салқындатады деп айтқан. Ресейдің кейбір өкілдері "Томагавк" ракетасы пайдаланылса, Ресейд оған ядролық қарумен жауап беруі мүмкін, себебі "Томагавк" ракетасы ядролық қаруды алып жүре алады деп айтқан.

Азаттық радиосы

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow