Түркістанда мұғалім өзін пышақтап тастады

Маусым 5, 2026 - 12:20
chat_bubble  0 visibility  1
Түркістанда мұғалім өзін пышақтап тастады
Фото: видеодан скрин

Түркістан облысында жұмыстан босатылған педагог сот шешімі жарияланғаннан кейін сот ғимаратында өзіне пышақ жарақатын салды. Оқиға Ордабасы аудандық сотында болған, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, зардап шеккен азамат – 24 жылдық еңбек өтілі бар мұғалім Х. Ерімбетов. Ол 2026 жылдың қаңтарында М.Х. Дулати атындағы мектептен Еңбек кодексінің 52-бабы негізінде қызметінен босатылған.

Педагог бұл шешіммен келіспей, Түркістан облысының Еңбек инспекциясына шағым түсірген. Тексеру барысында жұмыс беруші тарапынан заң бұзушылықтар анықталып, мұғалімді бұрынғы қызметіне қайта алу жөнінде екі рет нұсқама берілген. Алайда мектеп әкімшілігі бұл талаптарды орындамаған.

Осыдан кейін ұстаз сотқа жүгінген. Алайда еңбек дауына қатысты іс бес айға жуық қаралған. Осы уақыт аралығында алты баланың әкесі жұмыссыз қалып, оның банк шоттары бұғатталғаны айтылды.

Басылымның мәліметінше, 28 мамырдағы сот отырысында мұғалім істі қарап жатқан судьяға қарсылық білдіріп, сот залынан шығып кеткен. Ал 3 маусымда сот оны сот талаптарын орындамағаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған.

Сот қаулысы жарияланғаннан кейін ер адам өзіне жарақат салған. Қазіргі уақытта ол Ордабасы аудандық орталық ауруханасында ем қабылдап жатыр.

Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желілерде кең тарады. Қоғам белсенділері Мемлекет басшысына үндеу жолдап, мұғалімнің ісіне әділ баға беруді және оның құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуді сұрады.

Әзірге аталған оқиғаға қатысты ресми органдар тарапынан түсініктеме берілген жоқ.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0