Түркістандық әйел төрт жыл бұрын көз жазып қалған қызымен қауышты (ВИДЕО)

Қыз бала 2021 жылы із-түссіз жоғалып кеткен.

Қаңтар 28, 2025 - 16:25
Қаңтар 28, 2025 - 16:42
Түркістандық әйел төрт жыл бұрын көз жазып қалған қызымен қауышты (ВИДЕО)

Түркістан облысында 4 жыл бұрын жоғалып кеткен қыз бала аман-есен табылып, анасымен қауышты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полицияның мәліметінше, 4 жыл бұрын із-түссіз жоғалған жас қыз баланы тоқтаусыз іздеу нәтижесінде аман-есен табылды. Осылайша талай жыл туған қызын күтіп, аңсаумен өткізген ақ жаулықты анаға сүйінші хабар жетті.

Нақтырақ айтсақ, 2021 жылдың жаз айында жергілікті тұрғын полицияға 16 жастағы қызының жоғалғанын айтып, арызданған. Ақпарат алысымен тәртіп сақшылар барлық қажетті тергеу жүргізген. Алайда нәтижесі болмаған. Бірнеше жыл өтсе де тұрғынның арызы негізінде іздеу ісі жалғасып, нәтижесінде 2025 жылдың қаңтар айында бір-бірінен көз жазып қалған анасы мен қызы қауышты.

«Қызымнан хабарсыз қалып, нендей жағдайда екенін біле алмай жүрген күндер артта қалды. Көп рақмет сіздерге. Арасында өздеріңізге де сенімсіздік білдірген едім, бүгін міне үмітім ақталып отыр. Сіздерге алғысым шексіз», - деп анасы көз жасына ерік берді.

Полиция жас қызды Алматы қаласындағы тамақтану орындарының бірінде жұмыс жасап жүрген жерінен тапқан. Бүгінде қыздың осынша уақыт қайда, не себеппен хабарсыз кеткенін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр. Полицейлер осы жайт бойынша мұқият тергеу жүргізіп, оқиғаның толық мән-жайын анықтайтын болады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow