Зеленский: Киев Ресейдің Қырымға құзыретін ешқашан мойындамайды

Сәуір 23, 2025 - 10:38
Сәуір 23, 2025 - 11:38
Зеленский: Киев Ресейдің Қырымға құзыретін ешқашан мойындамайды

Киев Ресейдің Қырымға құзыретін ешқашан мойындамайды. Лондонда тараптардың келіссөз қарсаңында Украина президенті Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді.

"Бұл біздің жер, Украина халқының жері. Бұл жерде айтатын да ештеңе жоқ – бұл Конституциямызға қайшы" деді Зеленский.

Зеленскийдің сөзінше, Қырым мен Ресей басып алған өзге аумақтардың мәртебесін талқылау әншейін соғысты созбалақтатып жібереді.

Бұған дейін The Washington Post дереккөздері 23 сәуір күні Лондондағы келіссөз кезінде АҚШ Украинаға "Қырымды Ресей жері деп тану және соғысты қазіргі майдан сызығында тоқтату туралы" ұсыныс айтады деп жазған. Бұл жөнінде өткен аптада Bloomberg және The Wall Street Journal дереккөздері де айтқан.

Зеленскийдің сөзінше, қазір Ресей әскерінің бақылауындағы Запорожье атом электр станциясының операторы тек Украина болады. Бұған дейін ақпарат құралдары АҚШ атом станциясын өз бақылауына алуды ұсынғанын жазған.

Зеленскийдің айтуынша, АҚШ Запорожье атом станциясында Украинасыз істей алмайды.

"Егер АҚШ-пен бірігіп, атом станциясын қалпына келтіріп, бірге электр энергиясынан ақша тапсақ - бұл қалыпты оқиға болады" деді ол.

23 сәуір Лондондағы келіссөзге Украина, Ұлыбритания, Германия, Франция, АҚШ өкілдері қатысады. Ақпаратқа қарағанда, Лондондағы келіссөзге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио емес, президент Дональд Трамптың арнайы уәкілі Кит Келлог барады.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Ресей мен Украина жақын арада бітімге келетін шығар деп үміт білдірген.

Дереккөз: Азаттық радиосы 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow