Жерге үлкен астероид құлауы мүмкін: Ғалымдар қауіп екі есеге артқанын айтып дабыл қақты
Жермен соқтығысуы мүмкін 2024 YR4 астероиды туралы жаңа деректер жарияланды.

NASA ғалымдарының зерттеуіне сәйкес, 2024 YR4 деп аталған астероидтың 2032 жылғы 22 желтоқсанда Жерге құлау ықтималдығы екі есеге артқан.
Бұған дейін бұл қауіп 1 пайыз деп бағаланса, енді ол 2,3 пайызға дейін көтерілді. Ғалымдар бұл көрсеткіш әлі де төмен екенін атап өткенмен, астероидтың траекториясын мұқият зерттеуді жалғастырып жатыр.
2024 YR4 сәуір айына дейін көрінетін болады, осы уақыт аралығында халықаралық астероидтық қауіп туралы ескерту желісінің жердегі телескоптары оны бақылауды жалғастырады.
Сондай-ақ жақын арада астрономдар астероидты "Джеймс Уэбб" орбиталық телескопының көмегімен зерттеуді жоспарлап отыр. Ғалымдардың айтуынша, инфрақызыл суреттерді алу 2024 YR4-тің нақты өлшемдерін анықтауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта оның диаметрі шамамен 40-90 метр деп бағалануда. Сонымен қатар, NASA және ЕКА сарапшылары астероидтың ұшу траекториясын егжей-тегжейлі зерттеуді көздеп отыр. Бұл мәліметтер аспан денесінің нақты өлшемдерімен бірігіп, оның Жерге төндіретін қаупін барынша дәл бағалауға көмектеседі. Қауіптің деңгейі Турин шкаласы бойынша 3-ке (сары деңгей) бағаланды.
Бұл – астероид Жермен соқтығысуы мүмкін, бірақ оның әсері тек жергілікті деңгейде болады дегенді білдіреді. Дегенмен, ғалымдар болашақта дәлірек есептеулер жүргізу арқылы бұл ықтималдықты толығымен жоққа шығара алады.
Сіздің реакцияңыз қандай?






