«Жеті апаны да білу керек»: Қайыр Рыспаев шежіреге әйелдердің де есімін жазуды ұсынды

Қазан 21, 2025 - 17:24
«Жеті апаны да білу керек»: Қайыр Рыспаев шежіреге әйелдердің де есімін жазуды ұсынды
Фото: ЖИ, stan.kz

Уикипедияның Қазақстандағы авторы Қайыр Рыспаев “жеті атамен бірге жеті апаны да білуі керек” деп, шежіреге әйелдердің де аты жазылсын деген ұсыныс жасады. Айтуынша, бұл әйелдердің тең құқығын қорғайды. Бұл туралы sadaq.kz сайты 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайыр Рыспаевтың сөзінше, шежіреге ер адамдардың ғана есімін енгізу әйелдердің құқығын шектеу. Сондықтан гендерлік тепе-теңдікті сақтап, қыздар мен олардан тараған ұрпақты тізімге қосу керек. Алайда шежірешілер бұған түбегейлі қарсы. 

“Шежіре деген – тарих. Яғни кез келген адам өз атын бір кітаптан таба алады. Біз ерлердің тарихта қалу құқығын сақтап тұрып, әйелдерге ондай мүмкіндік бермей отырмыз. Ал қазіргі заманда теңдік. Оларды да шежіреге қосып отыру керек. Бізде әйел адамның өмір сүру ұзақтығы ерлерден 7-8 жылға көп”, – деді ол. 

Қазақтың шежіресінде тізімге тек әулеттегі ер адамдар кіреді. Бүгінде кей сарапшылар жазылмаған дала заңын заманға сай толықтыруды ұсынып отыр. Олардың пікірінше, жеті атамен қоса жеті апа ұғымын да енгізу қажет. Осылайша ұлт тәрбиесіндегі әйелдің орнын, гендерлік теңдікті сақтаймыз. 

Ал шежіреші Нұрбатыр Болатбеков бұл пікірмен келіспейді. Оның сөзінше, керісінше, шежіреге қыз балаларды енгізу қанның бұзылуына әкеліп соғады. Нәтижесінде түрлі генетикалық ауру пайда болады.

“Біздің ата-бабамыздан келе жатқан дүниені бұзуға болмайды. Егер де біз мұның бір жерін бұзсақ, қанның тазалығы кетеді. Өйткені қанның тазалығы – халықтың тазалығы. Қазақ халқында әр түрлі аурулар аз. Былай таза өз руын елін-жұртын, жеті атасын білген халықтан ондай ауру шықпайды.

Жаңа ұсынысқа азаматтардың да пікірі сан түрлі. 

“Негізі әулетте жалғыз болса,оның шежіреде болуы маңызды сияқты”, “Қыз балаларды шежіреге кіргізуге мен қарсымын. Себебі ұрпақ әрқайсы некеден болғасын бәрі араласып кетеді”, – деді жұртшылық. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow