«Жылқыларды әкем атқан жоқ»: атышулы іс бойынша фермердің қызы мәлімдеме жасады

Қарағанды облысында 17 жылқының атылуына қатысты іс бойынша фермер Александр Садовенконың қызы Наталья Садовенко әкесін қорғап, мәлімдеме жасады. Ол әлеуметтік желіде әкесіне жала жабылғанын айтып, әділ тергеуді талап етті. Полиция тергеу амалдарының жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еске салайық, Нұра ауданына қарасты Заречное ауылы маңынан атылған жылқылар табыны табылған еді. 17 жылқының қырылғаны анықталды.
Куәгерлердің айтуынша, жануарларды жергілікті фермер атып тастаған. Полицияның хабарлауынша, 53 жастағы күдікті ұсталған.
Оқиға туралы жаңалықтар БАҚ-та жарияланғаннан кейін күдікке ілінген фермер – Александр Садовенконың қызы Наталья әлеуметтік желіде бірнеше жазба жариялап, әкесінің жазықсыз екенін айтты.
Оның сөзінше, фермерлер бұған дейін де қараусыз жүрген жылқылардан зардап шегіп келген және оларды алқаптан кезекпен айдап шығатын болған.
Алайда Натальяның айтуынша, оның әкесі ешқашан жануарларға қатыгездік көрсетпеген. Ол ешқашан көршілерімен жанжалдаспаған және жануарларға күш қолданған емес.
«Әкемді әділ тергеу орнына заңсыз айыптап, жұрт алдында қаралады. Қазір ол пневмония диагнозымен ауыр жағдайда жатыр. Әлсіз күйіне қарамастан, оған ауруханаға жатқызуға және қажетті медициналық көмек алуға мүмкіндік бермей отыр», - деп жазды Наталья Садовенко өз парақшасында.
Ал полицияның мәліметінше, күдіктіден қару мен оқ-дәрілер тәркіленіп, оқиға куәгері анықталған. Оқиға орнында қажетті алғашқы тергеу әрекеттері жүргізілді. Күдіктіден автокөлік, қару және оқ-дәрілер алынды.
Сондай-ақ, оқиғаны көрген куәгердің айғақтары қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Жүргізілген шаралар мен жиналған дәлелдер негізінде сот күдіктіге бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ санкциялады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр, - делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Сонымен қатар, Наталья Садовенко өз жазбасында оқиғадан кейін қаза тапқан жылқылардың иелері ата-анасының үйіне келіп, әкесіне қоқан-лоқы көрсеткенін жазды. Бұл дерек бойынша құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеуді бастаған.
Сіздің реакцияңыз қандай?






