Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алған адамға қатысты сот отырысы басталды

Алматы халықаралық әуежайында қызметкерді кепілге алған ер адамға қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды Orda.kz.
Алматының Түрксіб аудандық сотында наурызда әуежай қызметкерін кепілге алған 67 жастағы Машрапбек Баратовтың ісі бойынша сот процесі басталды. Сот отырысына жәбірленуші Ботагөз Мұхтарова да қатысып жатыр.Оқиға кезінде зардап шеккен әуежай қызметкері Ботагөз Мұхтарова сотта сол күнгі жағдайды егжей-тегжейлі айтып берді.
Мұхтарованың айтуынша, бәрі қарапайым сұрақтан басталған.
«Одан отырғызу талонын және жеке куәлігін сұрадым. Бірақ ол жақындап келіп, мені шашымнан тартып ұстады. Сол сәтте пышағын алып шықты. Мен айқайлай бастадым, «истерика» басталды. Көмек сұрадым. «Өтінемін, жіберіңізші» деп жалындым», – деді жәбірленуші.Оның айтуынша, күдікті өте ашулы болған. Қолындағы пышақты сермеп, ешкімді жанына жолатпаған. Көмекке келгендерге де ашуланып, айқайлай бастаған.
«Маған айқайлап: «Үніңді өшір, айқайлама!» деді. Ештеңе талап етпеді. Не қалайтынын өзім де түсінбедім», – деп жалғастырды Мұхтарова.Сот отырысында жәбірленуші оқиғаның аяқ астынан болғанын атап өтті. Сол сәтте қорқыныштан қозғала да алмағанын, тек бетін қолымен жауып тұрғанын айтады.
«Ол мені пышақтамақ болды. Алдымда екі полицей мен мені құтқарған бір ер адам ғана болды. Күдікті полицейлерге «Жақындасаңдар, қазір әуежайды жарып жіберемін» деп қорқытты», – деді жәбірленуші.
Еске салайық, Машрапбек Баратовқа үш бап бойынша айып тағылған. Ол сотта кінәсін толық мойындады.
Ол кепілге алу, қару қолдана отырып бұзақылық жасау және терроризм актісі туралы жалған хабар беру баптары бойынша жауапқа тартылуда. Бұл айыптар бойынша ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Тергеу мәліметінше, күдікті қол сөмкесінде бомба бар деп жолаушыларды қорқытқан. Сондай-ақ, оқиғаға дейін оның үйқамақта болғаны анықталды — ол автобуста бір әйелге қол көтергені үшін сот шешімімен үйқамаққа алынған.
Сіздің реакцияңыз қандай?






