Алматыдағы автобус жүргізушілері екі айдан бері жалақы алмаған

Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілері жалақы алмадық деп шу шығарды. Автобус паркінің 200-ден аса қызметкері айлық түспегеніне екі ай болған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
КТК-ға шағымдарын айтып барған жүргізушілердің сөзінше, былтырдан бері олардың зейнетақы және медициналық сақтандыру төлемі аударылмаған. Есесіне, таңғы 4-тен түнгі 11-ге дейін жолаушы таситындарға қойылатын талап көбейген. Олар осы уақыт аралығында қарызға белшемізден баттық дейді.
«Сейсенбіде деді, түспеді, жұмада деді, түспеді. Екі ай. Кредит қысып жатыр. Отбасымызда мен ғана жұмыс істеймін. Бала-шаға маған қарап отыр».Мадияр Әбділдаев, автобус жүргізушісі
Жолаушылар көлігін тізгіндейтіндер жұмысымыз онсыз да ауыр дейді. Таңғы 4-тен түнгі 11-ге дейін рөлде екен. Жүргізушілерге қойылатын талап та жоғары.
«Таңғы төрттен шығып паркке келеміз. Жұмысқа шығатын бірінші кесте 4:52. Соңғысы 23:39. Жанармай құясың, анау-мынау дейсің, түнгі 12 болады. Үйге барасың, сағат үш жарым, төртте қайта жұмысқа келу керек»,- деді жүргізушілердің бірі.
Маңдай тері ақысынан қағылуы осылайша жүргізушілердің ашуын туғызған. Сондықтан жалақысын даулап әкімдікке бармақ болыпты. Алайда автобус паркінің басшылығы оларды тоқтатып қойыпты. Яғни жалақы жақында төленеді деп, екі айдан бері созбалаңға салған. Мұндағылар бүгін де кезекті уәдесін берді. Айтуларынша, жылдың басында жалақының кешіктірілуі қалыпты жағдай. Себебі, әкімдіктен бөлінетін субсидияны күтеді екен. Ал былтырғы қаражат желтоқсан айының жалақысына жетпей қалыпты.
«Қаулы қабылданып жатыр. Кейін әкімдік өз міндеттемесін орындап, субсидиясы төленетін болса, жүргізушілерге жалақысын төлеп береміз. Біздің паркте кредит мәселесі бар. Яғни кез келген автобустың алынуы, соның бәрі кредитте. Сондықтан сәл осындай кешіккен жағдай біздің де жұмысқа кесірін тигізді, біздің кредит те төленбей жатыр».Абылайхан Омархан, Neo City Trans автобус паркінің директоры
Жүргізушілердің міндетті әлеуметтік төлемі де жақын арада аударылады деп сендірді. Алматы әкімдігіндегілер де автобус паркіне тиісті қаражат ертең жіберетінін мәлімдеді. Ал адал еңбегінің ақысынан қағылған кейбір жүргізушілер жұмыстан шығып, басқа табыс көзін іздеуге кірісіп кеткен.
Сіздің реакцияңыз қандай?






