Алматыдағы балалар үйі Қонаевқа көшірілмейтін болды

Президент жергілікті билікке тиісті тапсырма берді.

Шілде 21, 2025 - 11:59
Шілде 21, 2025 - 12:14
Алматыдағы балалар үйі Қонаевқа көшірілмейтін болды
фото: видеодан кадр

"Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыдан Қонаев қаласына көшірілмейтін болды. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді, деп хабарлайды Sadaq.kz.

21 шілде күні балалар үйінің тәрбиеленушілері мекеменің Қонаевқа көшірілуіне қарсылық білдірген болатын. Салдарынан полицейлермен қақтығыс орын алды.

"Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіруге байланысты жағдаймен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және аталған нысанды қаланың балансына алуды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар үйі көшірілмейді", – деп жазды Руслан Желдібай.

Оның айтуынша, аталған жағдайға байланысты Президент Әкімшілігі қызметтік тексеріс жүргізеді.

"Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заң шеңберіндегі барлық құқығы толық сақталады", – деді Президенттің баспасөз хатшысы.

Айта кету керек, "Бағанашылдағы" балалар үйіне қатысты жағдай наурыз айында басталған болатын.

Алматы облысындағы №1 балалар үйінің тәрбиленушілері ғимараттарынан шығарылатынын, Қонаев қаласына көшірілетінін айтып, үндеу айтқан еді. Кейін Алматы облысындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері әкімдікті "жеңіп", Қонаевқа көшпейтін болғанын жаздық.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow