«Анайы ұсыныстар қарша бораған»: Журналист Самал Ибраева Президент Тоқаевтан көмек сұрады

Маусым 5, 2025 - 12:21
«Анайы ұсыныстар қарша бораған»: Журналист Самал Ибраева Президент Тоқаевтан көмек сұрады

Цифрлық шабуылдың құрбаны болған журналист Самал Ибраева мемлекеттен араша сұрады. Кейінгі күндері журналистің телефонына маза жоқ. Белгісіз біреулер оның суреті, жеке дерегі мен байланыс нөмірін Kyzdar.net интим-қызмет көрсету сайтына жалған анкетамен жариялаған. Содан бері журналистің телефоны "жарылып" жатыр: анайы ұсыныстар қарша бораған. Тіпті таныстары да хабарласып, оқырмандар да "не жағдай?" деп мазасын алған,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл жағдай – кездейсоқ емес, мақсатты түрде жасалған қасақана қастандық екенін айтады Самал Ибраева. Ulysmedia.kz порталының бас редакторы ретінде талай мәрте "мақаланы өшір, фотоны алып таста, әйтпесе жағдайың қиын болады" деген қысым мен ескертулер алғанын да жасырмайды. Ақыры тапсырысты орындаушылар цифрлық шабуыл арқылы журналисті қаралауды көздеген.

Журналистің пікірінше, бұл әрекеттің негізгі себебі – Ulysmedia.kz көтерген өткір мәселелер.

"Біздің мақалаларымыз кімнің жолын кесіп өтті, кімді ыңғайсыз жағдайда қалдырды? Осыған жауап табу маңызды. Біз тәуелсіз басылым ретінде халық пен мемлекет мүддесі үшін шындықты жазамыз. Сондықтан бұл шабуылды миллиондаған оқырманымыз сөз бостандығына жасалған қысым деп қабылдап отыр", – дейді Ибраева.

Оқиғаға қатысты полицияға шағым түсірілгенімен, бес күн өткенде ғана тәртіп сақшылары істі "киберқылмыс және цифрлық буллинг" деп бағалап, қылмыстық іс қозғаған. Журналист осыған ұқсас оқиғаны екі жыл бұрын да бастан кешкенін еске алады. Ол кезде тергеу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың араласуынан кейін ғана жанданған еді.

Самал Ибраева бұл жолы да Мемлекет басшысының қолдауына үміт артып, оған арнайы үндеу жолдады.

"Құрметті Президент мырза, мен – тәуелсіз журналист, қоғам қайраткері, ең алдымен, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде сізге жүгінуге мәжбүрмін. Өйткені бұл – елдегі кез келген әйел адамның басына түсуі мүмкін ауыр цифрлық зорлық-зомбылық. Сізден осы қылмыстық істің тергелуін бақылауға алуыңызды сұраймын", – деп атап өтті ол өз үндеуінде.

"Бұл жағдай журналистік кәсібіме тікелей қысым" деп санайды Ибраева.

Ол полицияның бұл қылмыстың тапсырыс берушісін анықтап, жалған ақпаратты жойып, сайтты бұғаттайды деген үмітте. Самал Ибраева қысым мен қорқытуға қарамастан, редакцияның жұмысы тоқтамайтынын, қоғам үшін маңызды, өткір мәселелерді жазуды жалғастыратынын баса айтты.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow